Түркияның Стамбул қаласында ел президенті Режеп Тайып Ердоған үкіметіне қарсы шеру болды деп хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.
«Әділдік маршы» деп аталатын шеру ел Астанасы Анкарада 15 маусым күні басталып, ереуілге қатысушылар 400 шақырым жаяу жол жүріп Стамбул қаласының орталық алаңына дейін барған.
Шеруді Түркия халықтық республикалық партиясы ұйымдастырған. Партия басшысы Кемаль Клычтароглуның айтуынша, ереуілді ұйымдастырудағы басты себеп, партия мүшесі Енис Бербероглуның жазықсыздан-жазықсыз 25 жылға сотталуы және мыңдаған адамның себепсізден жұмыстан қуылуы болған.
Ал ел президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия хылықтық республикалық партиясының бұл ісін шектен шығу деп бағалап, оларды террористік ұйымдармен байланыстары бар деп айыптаған.
Естеріңізге салайық, парламент депутаты Енис Бербероглу Сүриямен шекаралық аймақта Түркия барлау қызметіне тиесілі жүк көліктерін тінту жөнінде БАҚ өкілдеріне айтып берді деп айыпталып, 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Ал былтыр елде мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деген күдікпен Түркия бойынша 140 мың адам жұмыстан шығарылып, 50 мыңнан астам адам қамауға алынған еді.