Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын жөндеу жұмыстары басталды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы - аса маңызды көлік инфрақұрылымдық нысаны. Ол Құрық портынан басқа елдерге жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Жолдың екінші категориясы 85 шақырымды құрайды. Ол Өзбекстан шекарасынан басталып Бейнеу ауданынан өтеді.
"Өткен жылдың соңынан бастап еліміздің Өзбекстанмен қарым-қатынас нығая түсті. Осы жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сауда айналымы 37 %-ға өсті. Республиканың Өзбекстанмен байланыс жолы тек Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы мен Бейнеу ауданында ғана бар. Бейнеу ауданы Өзбекстанмен теміржол мен автомобиль жолы арқылы қатынас жасайтын еліміздің қақпасы ғана емес, Орта Азияның Ресейге, одан әрі Еуропаға шығатын бірден-бір қатынас жолы. Маңғыстау облысы ірі көліктік логистикалық орталыққа айналып келеді", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жолдың құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Жобаның құны 19,8 млрд теңге. Мердігер «Теміржол Жөндеу» ЖШС. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ералы Тоғжанов автомобиль жолының реконструкция жасау жұмыстары қарқынды жүргізілетінін, өйткені бұл Каспий көлік дәлізінде жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін маңызды нысан екенін атап өтті.