Ресей Федерациясының Премьер-министрі Дмитрий Медведев Ресейге қарсы санкциялар енгізген АҚШ, Канада, Еуроодақ елдері, Австралия мен Украинадан азық-түлік және ауыл шаруашылық өнімдерін алуға тыйым салатын құжаттың мерзімін 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ресей Федерациясы Министрлер кабинетінің ресми сайтында жарияланды.
Хабарламада: "2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін Ресейге АҚШ, Еуроодақ, Канада, Австралия, Норвегия Корольдігі, Украина, Албания Республикасы, Черногория, Исландия Республикасы, Лихтенштейн Княздігі елдерінде өндірілген ауыл-шаруашылық және азық-түлік өнімдерін алуға қойылған эмбарго ұзартылады", - делінген.
Атап өту керек, 28 маусым күні Еуроодақ Кеңесі ағымдағы жылдың шілде айының соңында аяқталатын Ресейге қатысты қолданылған экономикалық шектеу шараларының мерзімін тағы да жарты жылға ұзарту туралы шешім қабылдаған болатын. Өз кезегінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Батыс елдерінің санкцияларына жауап ретінде азық-түлік эмбаргосы 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін өз күшінде қалатынын мәлімдеді.