2011 жылдың 11 наурызда, Жапониядағы 9 балдық жер сілкінісінен теңіз шайқалып, мемлекет ауыр экономикалық шығынға ұшырады. Әсіресе, зілзала орталығына жақын Фукусима, Ивате және Мияги қатарлы жерлер цунамиден ауыр зардап шекті. 11 мыңнан астам адам өлді немесе із-тозсыз жоғалды. Ең қатрелісі, Фукусимадағы атом электр станциясының бүлінуі еді. Содан бері 6 жылға уақыт өтсе де, Фукусимадағы ядро қатері әлі жойылмай отыр.
Цунамиден кейін Жапония үкіметі Фукусима АЭС-нан 10 шақырым аумақты ядролық қатерлі аймақ ретінде белгіледі. Кейін радиактивті сәулелердің таралуын ескере отырып, қатерлі аймақ аумағын 20 шақырымға дейін кеңейтті. Өткен жылдың соңына қарай жарияланған мәліметке қарағанда, 40 мыңға тарта халық әлі де ядролық қатерлі аймақта отырғаны белгілі болды. Жапония үкіметі бұл мәселені шешу үшін төрт жерден жаңа елдімекен дайындау үстінде.
Жақында Мияги балықшылары ядролық аймақтан түрі өзгерген устрицалар тауып алды. Ересек адамның алақанындай үлкендіктегі устрицалардың суреттері әлеуметтік желіде жарияланысымен, жапон жұртшылығында үлкен аңыс қозғады. Устрицалар бізге бейтаныс болғанымен, жапондықтар үнемі тұтынатын теңіз өнімі. Түрі өзгерген мұндай устрицалар жапон елін қатты алаңдатып отыр.
Көпсанды адамдар бұны Фукусима ядролық апатының әсері деп алаңдап, сол маңда ауланған барлық теңіз өнімдерінен бас тартты. Алайда, әлеуметтік желілердің бірінде өзін «Қорқынышты адам» деп атаған желі тұтынушы, «Устрицалардың үлкен болуы радиацияның әсері екендігі екі талай, менің ойымша бұл «алып устрица» өте дәмді болуы мүмкін. Өз басым жеуге батылдық ете аламын» деп отыр.
Ядролық апат адамзаттың ғана емес табиғаттың да ең үрейлі жауы. Елімізде де бұл апаттан зардап шеккен аумақтар әлі күнге адамзатқа өкпелі жатыр. Қайырымды Жер ананың бауырынан тозақ жасайтын адамзат, Тәңір алдындағы өзінің жасаған қателіктерін ертерек білсе қанеки.
"The Qazaq Times"