2017 жылдың 1 тоқсанында "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасына қатысушылар, соның ішінде орта және шағын бизнес өкілдері бюджетке 50 млрд теңге салық төледі. Өткен жылдың сәйкес кезеңі бойынша салықтық жинақ 35%-ға өсті.

Төленген салықтың ең көп бөлігі Алматы қаласының кәсіпкерлеріне тиесілі. Олар 1 тоқсанда 8,9 млрд теңге салық төлеген. Сондай-ақ, Қарағанды облысы 4,8 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысы 4,7 млрд теңге төледі. Мұндай мәліметтерді energyprom.kz агенттігі келтіріп отыр.

Әр салаларға бөлер болсақ, қаражаттың жартысынан көп бөлігі, яғни 27,2 млрд теңге өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарынан түскен, 7,8 млрд теңге транспорт  және қойма компанияларынан, 1,8 млрд теңге ауылшаруашылық орындарынан түскен.

Ал ШОБ-тан түскен салық көлемі мемлекеттік бюджетке түскен жалпы салықтың 3%-ын ғана құрайды.

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы басталғалы бері 2017 жылдың 1 тоқсанын қоса алғанда бюджетке 463,5 млрд теңге салық төленген. Ал берілген субсидия көлемі 152,2 млрд теңгені құрайды.

“The Qazaq Times”