Ресей Мемлекеттік Думасының халықаралық істер жөніндегі комитеті АҚШ-тың Сүрия маңындағы әскери кемелері мен ұшақтары соғысқа дайын күйде тұрғанын мәлімдеді. Аталған комитеттің хабарына қарағанда АҚШ барлық дайындықтарды жасап, Сүрия режимінен соғысудың сылтауын іздеп отыр. Бұл туралы «Парс» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Халықаралық істер жөніндегі комитеттің меңгерушісі Алексей Пушковтың жазбаша мәлімдемесінде: «Америка өзінің теңіз және әуе күштерін дайын жағдайға келтіріп, тек соғыстың сылтауын іздеп ғана отыр. Алайда Сүрия басшысы Башар Асад олардың дегенін тауып бере қоймас», – деді. Мәліметтен белгілі болғандай АҚШ-тың Орта Шығыстағы әуе және теңіз күштері Сүрияға тиесілі әуе базаларын бомбылауға әзір күйде бұйрық күтіп тұр.

Сәуір айында АҚШ-тың Орта Шығыстағы теңіз күштерінің соғыс кемесінен атылған қанатты зымыран Сүрияның аш-Шейрат әуе базасына келіп түскен болаты. АҚШ тарабы Сүрия билігі тағыда химиялық шабуыл жасағалы отыр деген ақпарат таратқан болатын.

“The Qazaq Times”