Тайуан (Тайвань) Ұлттық Қорғаныс министрлігі АҚШ-тың алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандарын сатып алуға тырысып жатқанын мәлімдеді. Ел ресмилерінің мәлімдемесіне қарағанда, Тайуан қазір АҚШ-тан сатып алып жатқан қорғаныс құралдарынан тыс ұзақ аралыққа ұшатын AGM-158 қанатты зымырандарын сатып алу бойынша құлшынс жасап келеді.
AGM-158 – америкалық Локхид Мартинның өнімі, әлемдегі ең озық қанатты зымыранның бірі. 370 шақырым қашықтыққа дейін ұша алатын зымыран өзін ұшырған зымыран қондырғысы немесе жауынгерлік ұшақтарды да қорғай алады. Сондай-ақ, өндіруші Локхид Мартин бұл зымыранның көбінде жоғары құнға ие нысандарды жоюға бағытталатынын, өзіндік бекем қорғанысқа ие, тұрақты және қозғалыстағы нысанаға да дөп тиетінін мәлімдеген. Радарға көрінбейтін AGM-158 күндіз бен түнде де өзінің жауынгерлік қабілетін өзгертпейді.
Тайуанның әскерилері, қорғаныс саласының мамандары бұған дейін де Қытайдың әскери қысымына қарсы күресу үшін қорғаныс қуатын арттыруды алға қойып келді. Бұл мақсатта Тайуан Ұлттық қорғаныс министрлігі Құрама Штаттардан озық әскери техникаларды көптеп сатып алуда. Бұлардан тыс, жоғарыда аталған AGM-158 қанатты зымырандарын да сатып алуға тырысуда. Reuters агенттігі осыдан бұрын Тайуан өзінің де алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарын зерттеп жасап жатқанын мәлімдеген.
Ресми Бейжің Тайуанды Қытайдың бір провинциясы деп санайды. Өзімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдерден де «Бір Қытай» принципін мойындауды ең алдымен талап етеді. Цай Иың Вын ханым президент болғалы бері Бейжіңнің Тайуанға бағытталған әскери қысымы күшейді. Соңғы бірнеше жылда бұндай қысым ең жоғары шекке жетті. Тіпті, қазір қытайлық ресмилер «Ұлы Қытай бірлігін күшпен жүзеге асыру» ниетін жасырмайтын болды. Америкалық және өзге де Батыс елдерінің сарапшылары Қытай басшысы Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) басты мақсаты биліктен кеткенге дейін Тайуанды толығымен Бейжіңге қарату деп санайды.
Сарапшылар, Қытай Халық-азаттық армиясымен салыстырғанда Тайуан аралының әскери қуаты әлсіз. Алайда, Тайуанның да өзіндік артықшылықтары бар. Президенті Цай Иың Вын (Цай Инг-Вэн) қақтығыс жағдайында Азаттық армия шабуылын тоқтату үшін ұзақ қашықтықтағы соққыларды қолданып, «асимметриялық» тежеу күшін дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын.