Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде «KAZAKHINVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның павильонын болып,  компания басшыларымен кездесті. Кездеуге Астана қаласының аумағында орналасқан шетелдік инвесторлардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Әкім қалада инвестиция бойынша атқарылып жатқан жұмыс ұйымдастыру жағынан да, заңнамалық тұрғысынан да қайта қарастырылғанын атап өтті. Жыл басында қалада инвестиция тарту бойынша жалғыз орган ретінде «Астана инвест» ұйымы құрылған.

- Жүргізіліп жатқан технологиялық жаңғыртуды есепке алғанда, біз 2020 жылға дейін қаланы дамыту бағдарламасына түзету енгіздік. Басымдық берілетін 10 саланы анықтадық, ол экономиканың ең негізгі өсу тетігі болмақ, атап айтқанда – туризм, девелопмент кластері, қаржы орталығы, қазіргі заманғы өндіріс, «ақылды қала» үшін шешімдерді қоса алғанда, мемлекеттік ұйымдар, трансұлттық компания және мемлекеттік сала үшін қызметтер, денсаулық сақтау, білім, сауда және логистика, мәдениет, спорт және креативті секторлар. Осы 10 салаға МЖС механизмін қоса алғанда инвестиция тартуға ерекше ден қойылған, - деді әкім.

Қала басшысы өз кезегінде Астана әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі екенін айтты. 19 жыл ішінде негізгі капиталға құйылған инвестиция 40-тан аса есе өсті, жалпы көлем 7 трлн теңгеден асқан.

“The Qazaq Times”