АҚШ әуежайлардағы тексеру шараларын қатаңдатуды қолға алды. Жаңа ережелерге АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік қызметі министрі Джон Келли қол қойды.
Өзгертілген талаптарға сәйкес, енді әуежай қызметкерлері мен жолаушылардың барлық электронды құрылғылары сканерден өткізіліп, жарылғыш заттардың бар-жоқтығы жіті тексеріледі. Ел қауіпсіздігін нығайтуды көздеген бұл шара күнделікті АҚШ-қа ұшып келетін 2 мың рейстің 350 мың жолаушысын қамтып, әлемнің 105 еліндегі 280 әуежайда қолға алынады.
Әуе компаниялары аталған қауіпсіздік шараларын үш ай ішінде қабылдамаса, АҚШ Үкіметі ұшақтарда электронды құрылғыларды тасымалдауға толықтай тыйым салатындығын мәлімдеді. Ағымдағы жылдың наурыз айында АҚШ-қа Египет, Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, Кувейт мемлекеттерінен ноутбук алып келуге тыйым салынған болатын.
Онан бұрын, АҚШ президенті Дональд Трамп-тың 2017 жылдың 27 қаңтарындағы жарлығына сәйкес, Сирия, Йемен, судан, Ливия, Иран, Ирак, Сомали мемлекеттерінің азаматтарының елге келуіне тосқауыл қойылып, 100 мыңға жуық виза жоққа шығарылды.