ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау нәтижелері жарияланып, дауыс берушілердің онлайн тіркелуі жүзеге асатын ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайтына хакерлік шабуыл жасалды.
Мәліметтер базасына қол жеткізу мақсатында жасалған кибер-шабуыл 28 маусым күні сағат 13:13 шамасында орын алып, хакерлер жүйенің әлсіз тұсын табуға тырысқан.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев:
«Біздің сайтқа хакерлік шабуыл жасалды. Біздің техникалық бөлімнің шұғыл жұмысы нәтижесін берді. Қауіпсіздік деңгейі әлдеқайда жоғары болғандықтан, үлкен техникалық ақаулар орын алған жоқ. Дегенмен, болған жағдайға қатысты арнайы құжаттарды дайындап, хакерлік шабуылды ұйымдастырған азаматтарды тауып, оларды қылмыстық кодекске сәйкес жазалау керек»,-деп мәлімдеді.
Айта кету керек, соңғы бір аптада ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайтындағы белсенділік артып, оның қолданушылары 21-28 маусым аралығында 287199 парақшаны қараған.