Қарағандыда «THE JOB FAIR IS UNDER OPEN AIR» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды қала әкәмдігінің баспасөз қызметі. Әкімдіктің мәліметінше, жәрмеңкеге Қарағанды қаласындағы түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысты.
Қазіргі кезде Қарағанды қаласында 472 кәсіпорын мен ұйым 2278 бос орын ұсынып отыр, жәрмеңкеге 92 кәсіпорын қатысты. Солардың ішінде сұранысқа ие мынадай мамандықтар бойынша бос орындар кеңінен ұсынылып отыр: инженер, логист, менеджер, есепші, бағалаушы-сарапшы, аудармашы, дәрігер, мұғалімдер және басқалары; сондай-ақ орта білікті мамандар үшін: тігінші, слесарь, электр газбен дәнекерлеуші, электр монтері, токарь, автокран машинисі, дөңгелек жөндеуші, бұрғышы, фрезерші, техник-технолог және т.б.
Біліктілігі төмен жұмыс іздеушілер үшін жәрмеңкеде ас үй жұмыскері, жол жұмысшысы, жүкші, күзетші, қосалқы жұмысшы және тағы басқалары сияқты арнайы даярлықты қажет етпейтін бос орындар ұсынылған.
Шараға жас мамандарды жұмысқа орналастыруға даяр жұмыс берушілер мен кәсіптік оқытумен айналысатын білім беру ұйымдары қатысты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жергілікті атқару органдарына (Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының 15 әкімдігі, облыс бойынша аудандық жұмыспен қамту орталықтары) 245 бос лауазымдар ұсынды.