Астананың Нұржол бульварында ақылы тұрақтар пайда болады. Көлік қоятын орынның тарифы бір сағатқа 100 теңге, ал мүгедектерге тегін болады. бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы жоба аясында 472 орын ақылы болады. Қазіргі таңда автокөлік иелеріне Нұржол бульварында тарифтің құны, төлем тәсілдеріне қатысты жалпы тұрақты пайдалану ережелері түсіндірілуде.
Тұрақтарға төлем тек жұмыс күндері сағат 8:00 және 20:00 аралығында жүргізіледі. Түнгі уақытта көлік қоятын орындар тегін болады.
Көлік қоятын орындарға ақша төлеу Нұржол бульварындағы тұрақтың маңында орналасқан арнайы паркоматтар арқылы жүргізіледі. Ол үшін автомобильді қойған жердің нөмірі мен көлік құралының тіркеу нөмірін енгізу қажет әрі ақшаны төлеп болған соң түбіртекті алған жөн. Тарифтеу минутпен саналады. Сонымен қатар, пайдаланбаған уақыттағы ақша тұрақтың есебінде сақталып қалады, оны келесі жолдары пайдалануға болады.
Тұрақ орнына ақша төленбеген жағдайда 3 АЕК бойынша (6 807 теңге) айыппұл салынады. Біо жыл ішінде қайталанған жағдайда – 5 АЕК бойынша (11 345 теңге).
Сондай-ақ, ҰОС ардагерлері, жастайынан мүгедектер мен І және ІІ топтағы мүгедектер, Алтын Қыран ордені және «Халык каhарманы» атағымен марапатталғандар, көп балалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері, Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер, Ауғанстан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, жергілікті ұрыс кездері мен шұғыл әрекет ету қызметінің қызметкерлері көлік қоятын орындарды тегін пайдалану құқына ие.