«Эйр Астана» 14 маусымнан бастап Орал-Франкфурт бағытында тікелей рейс ашты. Екі бағытта да эконом класс үшін билеттің орташа бағасы 154 935 теңгені құрайды. Бұл туралы «Эйр Астана» АҚ корпоративтік қарым-қатынас департаменті хабарлады. 

"Жаңа бағыт Орал қаласындағы халықтың  халықаралық тасымалға деген сұранысының артқанын білдіреді. Өңірде энергия, минералды ресурстар өндірісі, машина жасау ісі жақсы дамыған. Аграрлық өндірістің де жергілікті экономикада маңызы зор. Серіктестер мен әуе компаниясы арасында болған келіссөздердің арқасында осы рейстің жолаушылары Франкфурт арқылы Еуропаға, Солтүстік Америкаға қатынай алады", - делінген әуекомпаниясының хабарламасында.

Ұшу Airbus A320 әуе кемесі арқылы эконом (132 орын) және бизнес класта (16 орын) әр сәрсенбі сайын жүзеге асады. Ұшу уақыты - 4 сағат 20 минут.

Айта кетейік, бұдан бөлек «Эйр Астана» 2017 жылдың 2 шілдесінен бастап аптасына үш рет Астана — Дели — Астана бағыты бойынша әуе рейсін ашатынын хабарлаған.

“The Qazaq Times”