– Әділет мырза, саналы қоғамдағы мобилдік байланыстың орны өзгеше, елімізде қандай байланыс операторлары жұмыс істейді?

– Ұялы байланыстың біздің заманымызда орны ерекше екені баршамызға аян. Қазір көптеген дүниелер ұялы байланыс арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Мысалы, әртүрлі қаржылық операциялар, таяуда бірнеше банктер банкоматтағы ақшаны алу/аудару іс амалдарын ұялы телефон арқылы орындауға өз тұтынушыларына мүмкіндік туғызды, сонымен бірге метрода, қоғамдық автотранспорттардағы төлем жасауды қолма қол ақшамен қатар баламалы түрде ұялы байланыс арқылы іске асыруға да қол жеткізілді.

Және, ең басты нәрсе, қазір жалпы адамдардың арасындағы ақпараттық жүйелерді жеткізуде ұялы байланыстың ролі айтарлықтай өзгерді.  Яғни, бұрындары адамдар көбінесе газет-журналдар арқылы мәлімет алатын болса, қазір көбінесе ұялы байланыс арқылы ғаламторға шығып әртүрлі ақпараттарға қол жеткізе алады. Осы жағынан алғанда, ұялы байланыстың орны жылдан-жылға артпаса, кемімейтіні анық.

– Біздегі ұялы байланыстың түбегейлі иелері кімдер?

– Жалпы, қазір ұялы байланыс саласында үш оператор қалды. Өткен жылы,  Tele 2 мен Алтелдің біріккенін білеміз, екеуі қосылып, бір брендтің аясында жұмыс істеп жатыр. Және де үлкен екі оператор - Кcell мен Beeline бар. Ал, төртінші оператор ол ұялы байланыс емес, көбінесе желілік байланыспен айналысатын Қазақтелеком. Ол көбінесе операторларды талшықты желімен (оптоволоконная сеть) қамтамасыз етеді. Әрине Қазақтелекомнан басқа да желілік операторлар бар, бірақ олардың үлес салмағы айтарлықтай аз. Мұнда бір айта кетерлігі, Beeline Қазақстандағы әмбебап операторладың бірегейі болып саналады, себебі ол өз талшықты желісі бар ұялы байланыс оператор болып табылады.

Операторлардың түбегейлі иелерін БАҚ немесе ғаламтор желісі арқылы кез келген адам біле алады, ол жасырын құпия ақпарат емес деп ойлаймын.

– Өзімізге тиесілі ұлттық операторлар бар ма?

– Қазіргі әр ұялы байланыс операторларының акцонерлерінің қатарында Қазақстандық та, шетелдік те халықаралық компаниялар бар. Байланыс операторларының қызметкері емес, жалпы эксперт ретінде айтар болсам, қазіргі уақытта Қазақстанның жеке өзінің ұялы байланыс операторын жасақтауға мүмкіншілігі аз. Себебі, біріншіден ұялы байланыс операторын жабдықтау үшін өте үлкен қаражат керек, миллиардтаған долларлар қажет. Еліміздің территориясы сонша кең болғанымен, халық саны аз, сондықтан салынған инвестицияның қайтарым уақыты басқа елдерге қарағанда әлдеқайда ұзақ. Сонымен қатар, базалық станциялардың  ара қашықтығы 25-30 километр болу қажеттігінен, ұлан ғайыр даламызды, орта-шағын ауылдар мен тасжолдарды ұялы байланыспен қамту үшін ондаған мың базалық станциялар жасақтау керек. Жер астындағы талшықты желіні жалға алуды қоспағанда, бұған қаншама қаржы қажет болады. Бұндай үлкен соманы қазіргі уақытта мемлекет немесе отандық жеке кәсіпкерлер өздігінен инвестиция ретінде бөліп бере алады деп ойламаймын. Екіншіден, технологиялық үрдістердің тез алмасуы да осы саланың қаржылық салымын ұлғайтады. Бұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Технологияның буын алмастыру кезеңі заманымыздың даму қарқынына сай жиілеп кетті. Бұрын бір буыннан екінші буынға өту үшін ұзақ уақыт керек болса, соңғы кездері бұл үрдістің уақыт бағамы 3-5 жылға дейін қысқарды. Мысалы, қазіргі біздің қолданып отырған 4G деген ол 4-ші буынды технология. Яғни, келесі 5-ші буын 2020 жылдары іске қосылады деп жоспарланып отыр. Соңғы ақпараттар бойынша, Жапониядағы олимпиада кезінде 5-ші буын іске қосылады деп көзделіп отыр. Бір жылдан астам уақыттан бері Казақстан 4-ші буынды байланыс аясында жұмыс істеп жатыр. Оның алғашқы лицензиясы  ұлттық оператор Алтелге берілді. Биылдан бастап барлық операторлар мұндай мүмкіншілікке ие болды. Тұтынушы ретінде жалпы байланыс операторларына көптеген сын-пікірлер айтып жатамыз.

Қазақстандағы коммуникациялық саланың дамуына көңіл толмаушылық бар. Бірақ, Орта Азия немесе посткеңестік елдердің арасындағы, тіпті дүниежүзілік телекоммуникацияның дамуын салыстырып көрсек, Қазақстан әлдеқайда алдыңғы орында.  Мысалы, бізден халық саны әлде қайда көп, өндіріс саласы жағынан дамыған Украинаның өзі 3G жүйесіне алдыңғы жылы ғана көшті. Оның өзінде, толық қамти алмай отыр. Ал, біз  3G жүйесіне 2011 жылы көшіп, қазір 4G жүйесіне өтіп кеттік. Бұл біле білгенге үлкен жетістік. Неғұрлым жаңа буынға өткен сайын ақпаратты алмасу жылдамдығы артады. Мысалы 3G де ең жоғары жылдамдық 10-21 Mегабит берілетін болса, 4G да 40-100 Mегабитке дейін кез-келген оператор бере алады. Кезінде, 256 Kилобитті қанағат тұтқан кездеріміз болғанын да асылы ұмытпағанымыз жөн... Жалпы, елімізде телекоммуникация саласы өте жоғары қарқында дамып келеді. Бұл осы саладағы мемлекеттік және байланыс операторлары басшыларының дұрыс шешім қабылдағаны деп ойлаймын. Мемлекеттік мекемелердегі басшылықта отырған адамдар өз саласының білікті мамандары болса, сол саланың қарыштап дамуына үлкен ықпал жасайтыны белгілі ғой. Қазақстанда телекоммуникацияның дамуы, осы саланы реттеуші мемлекеттік ұйымдардың дұрыс саясатының арқасында, оң бағытта дамып келе жатыр деп айта аламын.

– Операторлар арасындағы бәсекелестік қалай? Операторлардың көптігі халықтың тұтынуына қаншалықты қолайлылық жаратады?

– Баға саясаты туралы айтар болсақ, бұрынғы баға саясаты көп тұтынушылардың көзқарасымен қымбат саналатын. Бірақ, соңғы кездерде айлық салым 3-5 доллардың айналасында қалыптасып отыр. Батыс және Америка елдерінде орташа баға 50 доллардан жоғары мемлекеттер барын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Біздегі операторлар оларға қарағанда әлдеқайда төмен баға саясатын ұстанып отырғаны ақиқат.

Әділет Мұқатаев, «Кар-Тел» ЖШС Алматы филиалының директоры. Алматы. 2017. 01. 04. Фото: автордан.

– Байланыс операторланың дені бізге тиесілі емес. Қауіпсыздік жағы қалай?

– Ол мәселе өз деңгейінде мемлекет жағынан да, операторлар жағынан да қарастырылған деп ойлаймын.  Әр операторға мемлекет белгілі деңгейде лицензия береді. Ол лицензия аясында қауіпсіздік мәселесі де қарастырылған болуы тиіс. Кез-келген мемлекет алдыңғы орынға қауіпсіздікті қояры сөзсіз. Біздің мемлекетте бірнеше операторлар жұмыс істеп жатқандықтан, олардың түрлі ақпараттарға ие болу мүмкіндігі әрине жоғары. Бірақ та, ол операторлардың барлығы заңды түрде тіркелген бизнес өкілдері екенін естен шығармауымыз тиіс. Сондықтан да өз бизнесінің әрі қарай дамуы үшін олар мемлекет территориясында заң аясында жұмыс атқаруға мүдделі екендігі анық. Бұл жағынан қарағанда, қауіпсіздік шарттары міндетті түрде қатаң  сақталады деп сеніммен айтуға болды.

– Өзіңіз айтқандай аталмыш операторлар 4G қосқанына ұзақ болмады. Солай болса да, шексіз интернетті пайдалануға халық тез үйренді. Тіпті, ол қазір қажеттілікке айналды. 2016 жылдың соңында барлық операторлар шексіз интернетті тоқтатқанын хабарлады. Операторлар халықты алдап кеткен жоқ па?

– Бұл мәселені екі түрлі ойлауға болады. Біріншіден, тұтынушы жағынан ойлайтын болсақ, кез-келген тұтынушы өзіне қолайлы баға саясаты мен қолайлы технологиялық мүмкіндіктер болғанын қалайды.

Ал, операторлар тарапынан қарайтын болсақ,  жаңа буынды технологияны еңгізу үлкен қаржыны талап етеді. Барлық жердегі тарату базаларына жаңа технологияда жұмыс істей алатын жабдықтар орнататын болсақ, бұрынғы жабдықтарды толығымен дерлік ауыстыруға тура келеді. Заманауи технологиялық құрылғыларды өндіретін отандық өндіріс ошағы қалыптаспағандығы себепті, операторлар оны сырттан сатып алуға мәжбүр.

Бүгінгі  нарықтық қиындықтарға байланысты, доллардың қымбаттуы ол жабдықтардың бағасын тіптен аспандатып жіберді. Ал, бізде байланыс бағасы теңгемен төленеді. Сондықтан осы мәселе, жаңағы шетелдік озық құрал-жабдықтарды сатып алуда көптеген қиындықтар туғызуда.  Біздегі ұялы байланыс бизнес негізінде қалыптасқандықтан оның иелері өздерінің шығынға ұшырағанын қаламайтыны сөзсіз. Дей тұрғанмен, операторлар өзінің бизнестік табысын ғана ойламай, тұтынушыларының да мүддесін ойлайтыны да айдан анық. Себебі, екі жақтың белгілі бір деңгейде мүддесі қарастырылмаса, ол оператордың жарқын болашағы болмасы анық. Бәсекелестік заңын ешкім назардан тыс қалдыра алмайтыны әрине түсінікті.

Сондықтан, барлық операторлар баға саясатында, жаңа технологиялар мен қызметтерге қол жетімділік мүмкіншілігінде белгілі бір тепе теңдікті ұстағысы келеді. Бірақ, сонымен бірге кеткен шығынның да орнын жабуға тура келеді. Келесі жаңа буынға өттік пе, лицензиясын алдық па оған сай жұмыстарды да атқаруға тиістігіміз ол да бар. Тұтынушылар да соны түсінуі керек. Біз бәріміз басқа дамыған елдер секілді жаңа буындағы технологиялардың, жоғарғы деңгейде қызмет көрсетудің және заманауи жылдамдықтағы ғаламтор желісінің бар болу мұмкіндігінің халыққа қол жетімді болғанын қалаймыз. Әр түрлі тағы да көптеген қосалқы қызметтердің болғандығын талап етеміз. Бұрын тұтынушылар жай СМС хабарламасын қолданса, қазір whatsapp, viber тағы басқа әртүрлі мессенджерлермен жұмыс істегісі келеді. Бір-бірімен фотолар, видеолар алмастырғысы келеді. Әрине, олар үлкен жүктеме, үлкен жылдамдықты талап етеді. Оның барлығы операторлар үшін қосымша ауыр жүк. Себебі, ондай үлкен талаптарды орындау үшін олар әртүрлі арнайы бағдарламалар, құрал жабдықтар, серверлер сатып алуы тиіс. Яғни, тұтынушының  операторға жүктейтін міндеттері, талаптары артқан сайын, операторлардың да шығындары арта түседі. Біздің тұтынуға деген талабымыз бен оған сай шығынға деген мүмкіндігіміз пара-пар болуы тиіс. АҚШ-та, болмаса Еуропада байланыс бағасының жоғары болуы - ол жердегі операторлардың техникалық мүмкіндіктері мен халықтың тұтыну талабының төлеу қабілетіне сай қалыптасқандығының айқын дәлелі. Сондықтан да баға саясаты, қызмет көрсету деңгейі, техникалық мүмкіндіктер мен тұтынушылық талап, төлем қабілеті бір біріне тәуелді көрсеткіштер.

Шексіз интернетті алып тастау туралы, осы саланың өкілі ретінде емес, жалпы эксперт ретінде жауап берсем: шексіз интернет әр уақытта тұтынушылардың жоғарғы жылдамдықтағы интернетті көптеп пайдалануына алып келеді. Енді осы жерде бәріміз ескеруге тиісті бір дүние бар. Кез келген оператордың желісі белгілі бір деңгейде шектеулі. Яғни, бір тарату станциясының  мүмкіндігі саны жағынан шектеулі тұтынушыларға ғана қызмет көрсете алады. Операторлар егер шексіз лимитті интернетті толығымен енгізсе, онда ол тарату станциясындағы тұтынушылар техникалық мүмкіндікке қарай әтрүрлі қиындықтарға ұшырады. Сондықтан да, бәрімізге екі түрлі жағдайдың біреуін таңдауымызға тура келеді. Баршамыз шексіз интернетті пайдалансақ, онда жүйе жалпыға бірдей өз деңгейінде қызмет атқара алмайды. Тұтынушы саны шектеледі немесе жылдамдық азаяды, техникалық әртүрлі шектеу мен ауытқулар пайда болады. Ал, шексіз интернетті алып тастасақ, жалпы тұтынушылардың көбіне қол жетімді және оларға көрсетілетін қызмет сапасы да жоғарылайды. Бәлкім операторлар осы тұрғыда сараптама жасап, өз жолдарын таңдаған болуы тиіс. Бұл тағы да қайталап айтамын, осы саладағы белгілі бір эксперттік менің өзіндік жеке пікірім. Әрине әр операторлардың тиісті жауапты жетекшілері бұл туралы өз ойларын БАҚ арқылы жеткізді. Сол мәлімдемелер арқылы олардың негізгі ұстанымдарын оқып түйіндеуге болады. Менің ойымша, операторларға ең бірінші жақсы сервистік қызметті қамтамысыз етуі керек. Әр нәрсе өз кезегімен болуы тиіс деп ойлаймын. Кезінде бәріміз тұтынушы ретінде шексіз дауыстық қоңырау шалуды қаладық. Қазір ондай ұсыныс барлық операторларда бар, желі ішінде шектеусіз қоңырау шалу мүмкіндігіне баршамыздың қолымыз жетті. Уақыты келгенде ғаламторға қолдануда да осындай шаралардың болуына қол жетіп қалар деп ойлаймын. Желі қолданушысы ретінде «Бізде шағын елді мекендерде байланыс нашар, неге елдімекендерді жалғап тұрған тасжол бойының бар жерінде желі толық қосылмаған?» деп сұрақ қоямыз. Біз бұл жерде бір нәрсені ойлауымыз керек. Осы көптеген «неге»-лердің барлығының артында үлкен қаржы жатыр. Тағы да айтамын, жалпы ұялы байланыс саласына мемлекет дұрыс саясат қолданып келе жатыр. Ең әуелде, үлкен қалаларға, кейбір операторларға үлкен тасжолдың бойына лицензия берді. Бұрындары 1000 адамнан асатын елді мекендерге  базалық станция қою міндеттелсе, қазір 500 адамнан көп тұрғындары бар елді мекендер міндетті түрде ұялы байланыспен қамтамасыз етілу керек деген бағдарламалар іске асырылып жатыр. Тағы да еске сала кетейін, біздің бағымызға қарай жеріміз сонша үлкен болғанымен, өкінішке орай халқымыздың саны өте аз. Яғни салған инвестициялардың қайтару мерзімі басқа халқының саны көп, бірақ территориясы шағын мемлекеттерге қарағанда өте төмен. Басқа елдермен баға саясатын салыстырғанда осы нәрсені де тұтынушылардың естен шығармауы абзал деп ойлаймын. Бірақ та осы барлық кедергілерге қарамай, біздің елдің бұл саладағы технологиялық дамуы көптеген елдерге қарағанда көш ілгері.

Әрине, оқырман көп нәрсеге сын көзбен қарауы мүмкін және тиіс те, себебі «сын түзелмей, мін түзелмейді», десек те «көш жүре түзелетінін» де  жадымыздан шығармағанымыз жөн.

Кез-келген операторларға қарасаңыздар бас директорларының жылдық есеп беруі кезінде, «трансформация» деген сөзді соңғы кезде жиі естисіз. Ұялы операторлар өз компаниясының аумағында өзінің жеке бір трансформациялық бағдарламаларын жасап отыр. Яғни, олар болашаққа деген ізденіс, болашаққа деген ұмтылыс, болашаққа деген сол компанияның үлкен жоспары деп айта аламын. Біздің алдымызда бұл салада үлкен өзгерістер күтіп отыр. Beeline да бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Таяу аралықта тек әмбебап оператор ғана емес, сандық диджитал оператор болуға көптеген қарқынды жұмыстар жасалып жатыр, ол жүмыстарың нәтижесін таяу жылдары көзбен көріп оң бағаларыңызды бересіздер деп ойлаймын. Ол жұмыстардың барлығы түптің түбінде халықтың игілігіне болатыны сөзсіз, себебі нарықтық экономикасы бар елде, кез келген салада, тұтынушының басты ролін ешкім жоққа шығара алмайды, оның мүмкіншілігі мен талабы қашанда назарда болары хақ.

 

– Басында айтқанымыздай басты операторлармыз шетелдіктер. Ал, енді осында жұмыс істеп отырғандар кімдер, сонда Олар өздерімен бірге мамандарын ала келді ме әлде өз отандастарымыз ба?

– Барлық операторлар Қазақстанда тіркелген. Kcell компаниясы ТОО GSM Қазақстан деп аталады, Beeline компаниясы ТОО Кар-Тел деп аталады, Теле2 компаниясы ТОО Мобайл телеком сервис деп аталады. Әр қайсысы елімізде жеке кәсіпорын ретінде тіркелген. Сондықтан, бұнда жұмыс істейтіндердің көбі отандастарымыз. Әрине, елімізге келіп қызмет етіп жатқан шетелдік қызметкерлер де бар. Ол бір жағынан дұрыс та, себебі ол заман талабы, қазіргі нарықтың қарыштап дамып отырған заманында кез-келген компанияларда экспаттардың  болуы ол - қажеттілік. Елімізде үлкен рынокта жұмыс істеу өтілі мен тәжірибесі бар мамандар аз. Себебі, елімізде жоғары технологиялық бизнес енді ғана дамып келеді. Шетелдердегі үлкен рынокта жұмыс істеп көрген мамандардың келіп жатқаны рас. Олар сонымен қатар жергілікті мамандарды оқытып, тәжірибе алмасып, заман талабына сай мамандар дайындап жатқанын да айта өтуіміз керек. Және де тағы бір нәрсені айта кеткен жөн, біздің Алматы филалы, не басқа филалдарымыз болсын, барлығында өз отандастарымыз жұмыс атқарады. Өңірлерді басқару жүйесінде бірде-бір шетелдік азамат жоқ, Жоғары штаб-квартирадағы көптеген жоғары қызметтегі азаматтар да – дені Қазақстандықтар.  Біздің жергілікті мамандардың осындай деңгейде жұмыс жасап отыруы – ертең өз операторларымыздың отандық мамандардан құралатын болашақ құрамын даярлау бағытындағы алғышарттар деп қарағанымыз жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

«The Qazaq Times»