Сенімділік медеу береді, ал бизнестегі сенімнің маңызы зор Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев ҰКП Іскер әйелдері кеңесінің Астанада өткен Конгресінде айтты.
«Қыз-келіншектердің қызметкер ретінде, бизнес жетекшісі ретінде ер азаматтардан ерекшелігі бар. Мәселен, деректер алу, есептер, бухгалтерлік немесе қаржылық есептеулер қажет болса, оның бәрі еңбекқор әйелдер қолымен жасалады. Әйелдер шын мәнінде жұмысқа бар білімін салып, кәсіби тұрғыда кіріседі, жұмысты беріліп істейді. Айта кетейін, сенімділік медеу береді, бизнестегі сенімділік – басты қағидалардың бірі. Еліміз Шығыс халқы болуына қарамастан шағын және орта бизнестің 42%-ын әйелдер басқарады. Бұл ретте білім мен тәжірибе алмасу маңызды...», – деді Тимур Құлыбаев.
Ол әйелдер кәсіпкерлігі Ұлттық палатаның жіті назарында болуы керек екенін атап өтті.
«Іскер әйелдер кеңесінің күші – бірлікте. Бүгінде әр өңірде Іскер әйелдер кеңесінің өкілдігі бар. Бұл бүкіл республика кәсіпкерлерімен кері байланыстың барын айқындайды. Бүкіл бизнес үшін, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігі үшін қаржы қолжетімділігі маңызды. Бұл мәселені микро несиелеу ұйымдары арқылы шешуге тырысудамыз», – деді Тимур Құлыбаев.
Айта кетейік, 2016 жылы «Атамекен» ҰКП 6 өңірде, яғни Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай облыстарында шағын несие берудің пилоттық жобасын іске қосты. Шағын қаржы орталығы кепілдікке жылжитын/жылжымайтын мүлік, жер учаскесін, автокөлік, ауыл шаруашылығы техникасы мен жадбығын алды.
Несие беру туралы шешімді бизнес қоғамдастық өкілдерінен тұратын Өңірлік кеңес қабылдайды. Бұл пилоттық жоба бүгінде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізіне алынды. Бағдарлама аясында 7 жылға 6% мөлшерлемемен 18 млн теңгеге дейін сомада несие берілу қолға алынды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұнымен қоса «Bastau Бизнес» жобасын іске қосты. Биыл жоба аясында 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындары кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Ол үшін 80 ауданға 1 млрд 200 мың теңге қаражат бөлінген.