ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев квазимемлекеттік сектордағы сатып алу бойынша болған жемқорлықпен күресудің жолын ұсынды.

Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл секторда қылмыс санының өсуі байқалады. Мысалы өткен жылы сатып алу саласында 137 қылмыс тіркелсе, биыл бес айдың ішінде 51 құқық бұзушылық тіркелген.

"Ұлттық экономиканың тұрақты дамуында квазимемлекеттік сектордың рөлі нақтыланған. Ал оны одан ары тиімді дамыту үшін жемқорлықпен күресу керек. Алайда статистика бұл секторда қылмыстың көбейгенін көрсетеді. Оның себебі - бірыңғай әрекет пен жалпы бақылаудың болмауы", - дейді Шпекбаев.

Оның сөзінше, квазимемлекеттік сектордағы жағдайдың қиындауы заңнамадағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін және есеп беру мүлде аз екенін білдіреді.

"Жағдайды алдын алып күресуге екі сатылы жүйе көмектеседі. Ол сатып алуларды заңды түрде реттейтін  заң жобасы аясында енгізілген. Бірінші жүйеде бизнесмендер ұлттық компаниялар мен холдингтер аудитінің ішкі қызметіне, екінші жүйеде қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетіне кіруіне тура келеді. Ал егер құқық бұзушылықтар анықталса ұлттық компания жетекшілері жауапкершілікке тартылады", - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда 16 сала бойынша жемқорлықпен күрес қатаңдатылып жатыр. Сондай-ақ, Қаржы министрлігінде осы жылдың 1 тоқсанында жемқорлыққа қатысты 58 факт тіркелгені және бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81%-ға жоғары екені хабарланған.

Ескеретін нәрсе, елімізде жыл сайын жемқорлық салдарынан 3,8 млрд доллар желге ұшады.

“The Qazaq Times”