Қазақстан тәуелсіздік алғанына 26 жыл уақыт өткені белгілі. Сол уақыттан бері қаншама мәрте президент сайлауы болды. Бұл президент сайлауларында бірі озып, бірі қалды деп айту қиын шығар әрине, десе де бүгін біз осы уақыт аралығында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыластары кімдер болды соған қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы президент сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өтті. Ол кезде сайлауға қатысқан жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев болды. Назарбаев сайлауға қатысқан 88,2 пайыз сайлаушының 98 пайыз дауысын жинап, Қазақстанның тұңғыш президенті атанды. Бұл кезде Назарбаевтың әлі 26 жыл бойы президент креслосынан түспейтінін ешкім білмеген еді.
Қазақстан тарихындағы екінші президент сайлауы 1999 жылдың 10 қаңтарында болды. Бұл сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев өзін тәуелсіз кандидат ретінде ұсынды. Назарбаевтан бөлек бұл сайлауға үш адам қатысты. Оның бірі Қазақстанның «басты комунисті» Серікболсын Әбділдин сайлаушылардың 11,9 пайыз дауысын жинады. Ал екіншісі «стакан сындырғыш» Ғани Қасымов, ол сайлаушылардың 4,7 пайыз дауысын алды. Үшінші кандидат «Қазақстан халық бірлігі» партиясы атынан сайлауға түскен Энгельс Ғаббасов халықтың 0,8 пайыз дауысын жинады. Бұл жолы Назарбаев 1991 жылы жалғыз өзі қатысқан сайлаудан қарағанда аз дауыс жинады. Бұл жолғы көрсеткіші 81 пайыз. Айта кететін бір жайт осы сайлауда кейін Серікболсын Әбділдин Назарбаевтан кейін ең көп дауыс жинаған адам ретінде Қазақстан тарихында қалды. Одан кейін ешқандай кандидат бұндай дауыс жинап көрген жоқ.
Мәңгілік елдегі келесі мәңгілік президент сайлауы 2005 жылдың 4 желтоқсанына белгіленді. Бұл сайлауға оппозиция өкілдері атынан Жармахан Тұяқбай, «Ақ жол» партиясынан Әлихан Байменов, сол кездегі мәжіліс депутаты Ерасыл Абылқасымов және «Табиғат» экологиялық ұйымының басшысы Мэлс Елеусинов қатысты. Бұл сайлауда да Назарбаев алдына жан салмай Қазақстан халқының 91 пайыз дауысын жинап ел президенті атанды. Бірақ бұл жолғы сайлауды халықаралық бақылаушылар мойындамады. Олардың айтуынша сайлау кезінде ел билігі оппозиция өкілдеріне қысым жасаған. Сайлау кезінде бір адам бірнеше рет сайлауға қатысқан. Студанттерге қысым көрсету арқылы бір адамға дауыс бергізген және т.б көптеген заң бұзушылықтар анықталған. Бұл сайлаудың ерекшелігі Қазақстан тарихында кандидаттар арасында алғаш рет теледебат өткізілді. Дебатқа Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге барлық кандидаттар қатысты. Осы сайлаудан кейін көпшілік Назарбаев келесі сайлауға қатыспайды деп ойлады. Өйткені ҚР Конституциясы бойынша бір адам қатарынан үш реттен артық президент бола алмайтын еді. Алайда 2007 жылдың мамыр айында ҚР Конституциясына өзгеріс енгізіліп, аталмыш заң Қазақстанның тұңғыш президентіне әсер етпейтін болды.
Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен президент сайлауына өз кандидатурасын тағы ұсынды. Назарбаевпен бірге мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауына Қазақстан коммунистерінен Жамбыл Ахметбеков, патриоттар атынан Ғани Қасымов және президенттікке мәңгілік үміткер Мэлс Елеусинов қатысты. Бұл сайлауда Назарбаев 95,55 пайыз дауыс жинап төртінші рет президент атанды. ЕҚЫҰ (ОБСЕ) бақылаушылары бұл жолы да сайлауды заңсыз деп таныды. Олар Қазақстан билігі мемлекеттік қызметкерлерді еркінен тыс Назарбаевқа дауыс бергізді деп мәлімдеді.
Ал соңғы президент сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірінде өтті. Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар ел өмірінде көрмеген Әбілғазы Құсайнов пен Тұрғын Сыздықов сайлауға түсті. Бұл сайлауда Назарбаев 1991 жылы жалғыз өзі қатысқан кездегі жинаған дауысына бір пайыз ғана жете алмай, 97 пайыз дауысты қанағат тұтты.
Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша келесі президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс. Оған мәңгілік елдің қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысу, қатыспауы әзірге белгісіз. Егер қатысатын болса, оған қарсылас атанатын адамдардың атын атауда өте қиын. Себебі Қазақстанның қазіргі саяси элитасына қарасаң саясаткерлер емес орындаушыларды ғана көресің. Бірақ кім біледі, Қазақстанда да өзбек еліндегідей бізге белгісіз бір орынбасар жүрген шығар атқамінерлер арасында.