Соңғы уақытта көптеген халықаралық ұйымдар әлем халықтарының арасында бақыт туралы статистикалық зерттеулер мен сауалнамалар жүргізіп келеді. Бұл тақырып адамдардың қаншалықты бақытты екендіктері мен қоғамға қаншалықты көңілі толатындығын анықтау мақсатында зерттелген болатын. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ең бақытты халықтардың рейтингісінде әлеуметтік жағдайы орташадан төмен елдер көш бастап тұр. Дамыған елдердегі халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жоғары болғанымен, адамдардың көбісі өмірге көңілі толмайтындықтарын және өздерін бақытты сезінбейтіндіктерін айтқан.  

Адамзат осы уақытқа дейін таба алмай келе жатқан бақыттың құпиясын ең бақытты елдердің бірі болып табылатын Бутаннан іздестіріп көрейік.

Фото: afigenchik.ru

Бутан - Бақыт Министрлігі жұмыс жасайтын әлемдегі жалғыз ел.

Ұзақ жылдар бойы Бутан сыртқы әлемнен оқшау қалып қойған. Ел Үндістан мен Қытайдың ортасындағы Гималай тауларында орналасқан. Небәрі 700 000 тұрғыны бар. Бутан 1971 жылы БҰҰ-на мүше болғанға дейін, елге басқа мемлекет азаматтарына кіруге рұқсат болмаған. Бутанда телевидениенің өзі 2002 пайда болған. Ал интернет одан да кейін келді. Бұндай оқшаулану сыртқы ықпалдан сақтана отырып, елдің мәдени және діни дәстүрлерін сақтауына ықпал еткен.

Соңғы зерттеулерге сәйкес, Бутан әлемдегі ең бақытты ел болып табылады. Бутандықтардың 97% пайызы өздерін бақытты санайтындарын айтқан. Бәлкім, бұл көрсеткіш елде әлемдегі жалғыз Бақыт министрлігі жұмыс жасайтықтан болуы мүмкін. Бірақ билікке Джигме Кхесара Намгьял Вангчук корольдің келуінен кейін халық арасында «еуропалық» өмір салты кең тараған. Соған қарамастан, көпшілік сан ғасырлар бойы өздерін бақытты етіп келген салт-санадан бас тартқысы келмейді.

Бутандықтар салт-дәстүрді мықты ұстанған. Халық күнделікті ұлттық киіммен жүреді. Балалардың көбісі рухани даму үшін жастайынан ғибадатханаларда тәлім алады. Елде ерлер мен әйелдер тең құқылы, әрі дәрежелері де тең. Бутандықтарда жердің сақтаушысы әйел адам болып табылады.

Күн көрістің басты көзі – ауыл шаруашылығы.

Бутанға келгісі келген саяхатшылар елдің бюджетіне түсетін біраз ақша төлеуі қажет болады.

Бутандықтардың бақытының кілті – сан ғасырлық сабақтастықты жоғалтпай салт-дәстүрді сақтай отырып қолда бар құндылықтарды қадірлей білу. Үйренерлік дүние...

“The Qazaq Times”