Бүгін Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж Шанхай ынтымақтастық ұйымының 9-10 маусымда өтетін кезекті саммитіне қатысу үшін Астанаға келді. Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
Сондай-ақ, бүгін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те Қазақстанға келді.
Моңғолия - 2004 жылы Ташкентте өткен саммитте бақылаушы статусына ие болған алғашқы мелмекет. Шанхай Ынтымақтастық ұйымы - Қытай, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан Президенттерінің қатысуымен 2001 жылы құрылған халықаралық ұйым. Негізі 1996 жылы «Шанхай бестігі» құрылған. Ал 2001 жылы ол Шанхай ынтымақтастық ұйымы болып өзгеріп, құрамға Өзбекстан кірді. 2015 жылыы шілдеде ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанды қабылдау рәсімі қолға алынды.
Айта кетейік, кеше елімізге Ауғанстан Президенті Ашраф Гани Ахмадзай мен Қытай президенті Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) келген. Ал бүгін Ресей Президенті Владимир Путин келеді деп күтілуде.
8-10 маусым күні Астанада өтетін ШЫҰ саммитінде ұйымға мүше елдердің басшылары аймақтық және халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, ұйымның қазіргі даму жағдайы мен болашағын талқылайды.