ҚР Ұлттық банкі Қазақстанның экономикалық өсімі қандай болатынын болжады. Бас банктің мәліметіне сенсек, Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны 2017 жылы 2,8%-ға дейін (алдыңғы болжамдық раунд 2,2%) және 2018 жылы 3,6%-ға дейін жеделдетіледі.

"Өсу қарқынын қайта қарау 2017 жылғы 1 тоқсандағы Қазақстан экономикасының қалпына келуімен байланысты. Алдыңғы болжамдық раундта 2017 жылы ішкі сұраныстың бір қалыпты өсу серпіні және 2018 жылы оның жеделдетілуі күтілген. Бұл ретте 2017 жылдың басында экономикалық белсенділіктің қалпына келуінің барынша сенімді қарқыны байқалады: өндіріс көлемдерінің өсуі экономиканың барлық негізгі салаларында байқалды, негізгі капиталға инвестициялардың өсуі сақталды", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Осылайша, 2017 жылдың жоғары базасы 2018 жылы ІЖӨ-нің өсу қарқынын қайта қарауға ықпал еткен. Бұл ретте болжам жасалған кезеңде экономикалық өсудің алғышарттары өзгермеген. Яғни алдағы уақытта жалақының көтерілуі, негізгі капиталға инвестицияның өсуі, минералды ресурстарды өндіру және шығару көлемінің өсуі сияқты үрдістер байқалады деп күтілуде.

"2018 жылы нақты ІЖӨ экономикадағы инфляциялық қысымды күшейте отырып, өзінің әлеуетті мәнінен жоғары болады", - делінген хабарламада.

“The Qazaq Times”