Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың сөзінше, әлеуметтік көмек көрсету жүйесі бойынша атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы (АӘК) 2018 жылы орташа есептегенде 25%-ға өседі. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды минстрліктің баспасөз қызметі. 

"Жаңа сипаттағы АӘК жүйесі арқылы атаулы әлеуметтік көмекті күшейту, жәрдемақы мөлшерін көбейту және оны тағайындау іс-әрекетін жеңілдету мәселелері шешімін табатын болады", - деп атап өтті министр.

Жаңғыртылған кейіптегі АӘК бүгінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін үш жәрдемақының орнын басады. Яғни азаматтың кірісіне қарамастан тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасы кірісіне қатысты айқындалатын балалар жәрдемақысы және қазіргі атаулы әлеуметтік көмек ортақ арнаға тоғысады.

 Жаңа жүйе аясында, кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40%-ынан 50%-на жоғарылауына байланысты ұсынылатын жәрдемақы мөлшері орташа алғанда 25%-ға ұлғаяды. Тиісті қаражат қазынадан қарастырылып қойған.

Атаулы әлеуметтік көмекке қоса, әр еңбекке қабілетті азаматқа, мемлекет тарапынан кейіннен жұмысқа орналастыруға немесе жеке ісін ашуға, аталған мақсаттарды несиелендіруге жәрдемдесу арқылы білім алу мен кәсіп игеруге қолдау танытылмақ.

Сонымен қатар, тың сипаттағы АӘК қажет құжаттар көлемін үш есеге қысқартуға және керек қағаздарды тек жергілікті Жұмыспен қамту орталығына табыстауға мүмкіндік туғызады деп күтілуде.

“The Qazaq Times”