2016 жылы Қазақстанда орташа айлық жалақы 143 мың теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Руслан Даленов мәлімдеді.
Даленовтың ақпаратына сенсек, ең жоғарғы жалақы Атырау және Маңғыстау облыстарына тиесілі, шамамаен 250 мың теңгеден жоғары. Ал ең аз жалақыны Жамбыл облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары алады. Олардың орташа айлық жалақысы - 100 мың теңгегеден төмен.
Ал мамандық бойынша берілетін жалақыға келер болсақ, ең көп еңбекақыны мұнай өндіру саласында, шахтада және құрылыста жұмыс істейтіндер алады екен. Ал мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің, зоотехниктердің және балабақша тәрбиешілерінің жалақысы төммен.
"Жалпы алғанда жалдамалы жұмысшылардың үштен бірі 100 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Мұндай мәліметтер 59 мыңға жуық ірі және орта кәсіпорындардың тоқсан сайын ұсынған есебіне сәйкес беріледі. Ал жұмысшылары 100 адамнан аспайтын шағын кәсіпорындарға келер болсақ, онда орташа жалақы 134 мың теңгені құрайды", - деді вице-министр.
Оның сөзінше, зерттеу нәтижесі бойынша Қазақстанда 13 млн үлкен адамның 9 миллионы еңбекке қабілетті. 9 млн адамның 70,5%-ы жалдамалы жұмыскерлер, 24,5%-ы өзін жұмыспен қамтығандар, ал 5%-ы жұмыссыздар.
"Егер халықаралық статистикаға қарайтын болсақ, Германия мен Ұлыбританияда өзін жұмыспен қамтығандардың саны шамамен 10-15%. Польша, Италия және Оңтүстік Кореяда - 20-27%, Қытайда 50%", - деп салыстырды Даленов.
Нақты цифрларға мән берер болсақ, Қазақстанда 8,6 млн адам жұмыспен қамтылса, оның 4,4 миллионы жалдамалы жұмыс істесе, 2,2 млн адам өзін жұмыспен қамтыған.
Айта кетейік, 2017 жылдың сәуір айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің халықты жұмыспен қамту қызметінің есебіне 1,1 млн адам жұмыссыз ретінде тіркелгенін . 2016 жылмен салыстырғанда Арменияда жұмыс іздеушілердің саны 1,2%-ға, Беларусьте - 26,1%-ға, Ресейде - 16,7%-ға кемісе, Қазақстанда керісінше, 10,0%-ға, Қырғызстанда 2,6%ға ұлғайған.