ЭКСПО қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елдің әртүрлі өңірлерінен жеке құрамның 300 құтқарушысы және 33 техника бірлігі келді. Бұл Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндірушілері, жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығы шұғыл ден қою психологтары және бригадалары, ТЖ департаментінің инспекторлық құрамы, деп хабарлайды ТЖ комитетінің баспасөз қызметі.
Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В. Ильин астаналық құтқарушыларға көмекке келген жеке құрам мен техника жағдайының әзірлігін тексерді.
«Сіздердің міндеттеріңіз - барлық жоспарланған іс-шаралардың өрт қауіпсіздігін сапалы қамтамасыз ету, туындаған төтенше жағдайларға уақтылы ден қою. Жұмыстарыңыздың тиісті ұйымдастырылуынан мемлекетіміздің имиджі қалыптасатын болады», - деп нұсқау берді Ю.В. Ильин.
Халықаралық іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған, ҚР ІІМ ТЖК күштері мен құралдарының жалпы саны 1218 адамды және 118 техника бірлігін, 8 тікұшақты құрайды.
Көрме аумағында күн сайын инженерлік-инспекторлық құрам кезекшілік жүргізетін болады. Бұдан бөлек, көрме кешенінің аумағында 3 өрт сөндіру техникасын жіне Өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 15 қызметкерін орналастыру көзделген.
Көрме айналасында, жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімдерінің аумағында 11 техника бірлігі және Өрт сөндіру қызметінің, Жедел-құтқару жасағының Апаттар медицинасы орталығының жеке құрамының 46 адамы орналастырылады.
«Астана қаласының жасыл белдеуін» қоса алғанда, астанаға іргелес аумақты өртке қарсы қорғауды тәулік бойы Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары өрт сөндіру қызметтерінен тартылған күштері қамтамасыз ететін болады.