Қазақстанда бүгінгі таңда шамамен 80 000 көппәтерлі тұрғын үй ғимараттары тіркелген. Ғимараттардың 1/3 бөлігі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Көптеген ғимараттар жылумен қорғаудың қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты терможаңғыртуды талап етеді. Енді осы мәселені шешуді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі қолға алмақ. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, министрлік пен Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) арасында «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы орта және шағын бизнесті дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыруға арналған тұрғын үй қатынастарының жүйесін жетілдіру» атты бірлескен жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойылған.

"Жобаның мақсаты – тұрғын үй қорын басқару және күтіп-ұстауға шағын және орта бизнесті (ШОБ) тарту арқылы ТКШ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру", - делінген хабарламада.

Министрліктің айтуынша,  мәселелерді шешу қалалардағы және тұрғылықты елді-мекендерінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ТКШ жүйелерінің тұрақты қызмет етуіне, тұрғын үй секторындағы энергия тиімділігін ілгерілетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін болады.

ҚР ИДМ мен БҰҰДБ арасындағы бірлескен жоба 2018 жылдың аяғына дейін іске асырылады. Жобаның жалпы бюджеті 650 млн теңгеден асады.

Аталған жоба, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған, ал қабылданатын шешімдер тұрғындардың масылдығын төмендетуге ықпал етеді.

“The Qazaq Times”