Қазақстан тәуелсіздік алғалы ел билігіне кімдер келіп, кімдер кетпеді. Ақорданың ескі құрамы жүз рет орынын ауысты. «Болашақпен» шет елде оқып келгендер де мемлекеттік компанияларға, министрліктерге, облыс, қала әкімдіктеріне келе бастады. Алды жемқорлықпен қамауға да алынып үлгерді. Осының барлығынан көңілі қалғандықтан ба, әлде тығырықтан шығудың жалғыз жолы осы болғандықтан ба белгісіз?. Әйтеуір, соңғы уақытта Ақорда мемлекеттік қызметке қазақ ұлтшылдарын тарта бастады.
Бұдан қандай нәтиже шығады? Ел ішінде қандай өзгерістер болады? Қазақ ұлтшылдары кеңес үкіметінің тепкісін көрген қазіргі билікпен бірігіп жұмыс жасай ала ма? Бүгін біз осы және өзгеде сұрақтарға жауап іздеп көруге тырыстық.
Қазақстан егеменді ел атанғалы ел билігінде жыл сайын ауыс-түйіс науқаны жүріп тұратыны белгілі. Бірі келіп, бірі кетіп жатқан тұрақты Қазақстан билігіндегі тұрақсыз орын алмасуларға көз үйреніп кеткелі қашан. Бірақ осы жолы Ақорда тарапынан жасалып жатқан қадамдарға назар аудармасқа болмас. Өйткені ел, Ерлан Қариннің Қазақстан ТРК басшысы болып сайлануын, Айдос Сарымның Ұлттық кітапхана басшысының кеңесшісі болып тағайындалуын Ақорда мемлекеттік қызметке ұлтшылдарды тартып жатыр деп түсініп жүр.
Бұл жайында ҚР мәдениет қайраткері, жазушы Қуандық Шамахайұлы: Сіз атаған жігіттер билік дәлізінде бұрыннан жүрген азаматтар еді ғой. Оларды мемлекеттік қызметке енді тартып жатыр деуге келіңкіремейтін сияқты. Айдос Сарым бәлкім, біршама уақыттық үзілістен кейін қайта оралып жатқан шығар, егер, қандай үкіметтік аппаратқа қызметке орналасқан болса. Ал, Ұлттық кітапханаға кеңесші болу - мемлекеттік қызмет емес. Ерлан Қарин мемлекеттік қызметте, билік партиясының аппаратында лауазымды қызметтер атқарған тұлға. Керісінше, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтен кетіп, шығармашылық ұжымды басқаруға келді. БАҚ - мемлекеттік қызмет емес. Олай болса, ұлтшылдарды тартып жатқан Ақорда қайда?
Қоғамда Ақорда қазақ ұлтшылдарын мемлекеттік қызметке тартып жатыр деген пікір қалыптастыру кімге тиімді екені белгілі жайт. Бірақ өздерін ұлтшылмын деп жүрген азаматтар қазақ қоғамында осындай ой, пікір қалыптасуына белгілі бір дәрежеде үлес қосып жатқандығын біле ме, білмей ме ол жағы бізге беймәлім.
Осы тұрғыда белгілі журналист Асылхан Мамашұлы былай дейді: Алғаш саясаттанушы ретінде танылған Ерлан Қарин «Нұр-Отанның» да, оған жұтылған «Асар» партиясының да басшылығында болды. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. Бұл тұрғыдан келгенде оның ұлтшылдығы мемлекеттік қызмет рұқсат етілетін деңгейде деуге болар. Ол бұрыннан басшылық қызметте келе жатқандықтан билікке жаңадан тартылғандар қатарына әсте қоса алмайсыз. Әдетте жұртшылық қоғаммен байланысы жақын, жемқорлықпен байланысы байқалмаған, ұлттық мүдде туралы өзіне берілген мүмкіндік шегінде айтып жүргендерді жатқызады. Ерлан Қаринді осы топқа жатқызатынын байқаймын. Бірақ, ол өзін ұлтшыл патриотпын деп санай ма, соны анықтау керек шығар. Өйткені, билікте жүргендер олай айтудан түрлі себептермен тартынады деп ойлаймын. Ал белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның ұлттық кітапхана кеңесшілігіне тағайындалуынан сенсация іздеп керегі жоқ. Өйткені, кітапхана директорының кеңесшілігі мемлекеттік қызмет емес, тіпті қоғамдық жұмысқа жақын деуге болатын шығар. Сондықтан ұлтшылдарды билікке тартып жатыр деген пікірмен келіспеймін.
Қорыта келгенде, Қазақстанның қазіргі жағдайында билік өзіне қарсы пікір айтатын өзгеше ойлайтын азаматтарды өз қатарына қоспайтыны белгілі. Жоғарыда аты аталған азаматтардың ел ішінде қоғамдық ой, пікір қалыптастыруда алатын орындары ерекше екендігін ескерсек, Ақорда осы арқылы халық арасында өзіне жағымды пікір қалыптастырғысы келгендей әсер қалдырады.
Әйтпесе, зайырлы Қазақстан заңы бойынша ұлттық партия құруға болмайтын елде мемлекеттік қызметке ұлтшылдарды жұмысқа тартып, қатарын көбейітпесе керек еді...