Қытайдың «Klassik-2» компаниясы Қазақстан аумағына 37 жүк автокөлік құралымен жасанды құжаттар арқылы халық тұтынатын тауарларды заңсыз әкелген. Бұл жағдай 2015 жылғы 1-28 тамыз аралығында болған деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.
Комитеттің мәліметінше, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарлардың жалпы сомасы 1 млрд 126 млн 578 мың теңгені құраған, оның ішінде декларацияларда көрсетілмеген тауарлардың сомасы - 304 млн 996 мың 192 теңге.
"03.05.2017 ж. Қазақстан Республикасы Жоғары сотының қылмыстық істер бойынша қадағалау сот алқасының шешімімен «KLASSIK-2» компаниясының өкілі Бархударов Н.Р. ҚР ҚҚ 234-бабының 1, 4 және 5-т. 2-бөлігі (экономикалық контрабанда), 385-бабының 2 және 3-бөліктері бойынша кінәлі деп танылды, ҚҚ 58-бабының 2-бөлігінің негізінде оған контрабандалық тауарды тәркілей отырып, 3 000 АЕК көлемінде айыппұл түрінде жазалау түпкілікті түрде тағайындалды", - делінген комитеттің баспасөз мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, ведомствоның ақпаратынша, «Классик-2» компаниясының өкілдері барлық тауарға ҚХР-дың жасанды экспорттық декларациясын, инвойстарды және тауар-көліктік жүкқұжаттарды жасап оларды қытайлық компания мөрінің бедерлерімен заңсыз түрде бекіткен. Көрсетілген жасанды коммерциялық және көліктік құжаттарды «Классик-2» компаниясының өкілдері кеден органдарына ұсынған және тауардың атауы, салмағы, саны және құны туралы жалған мәліметтер көрсетілген кедендік декларацияларды мәлімдеген.
Олар «Достық» кедені арқылы кірген, онда «Классик-2» компаниясының өкілдері кедендік транзит рәсімі бойынша жоғарыда аталған автокөліктерден тауарларды 15 теміржол вагонына қайта тиеген, бұл ретте, тауарлардың бір бөлігі кедендік баж бен салықты төлеместен Қазақстанның аумағында қалған.
"Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері Ақтау қаласында 15 вагондағы контрабандалық тауарды ұстады. Жүргізілген тексеру іс жүзінде анықталған тауарлардың кедендік декларацияда көрсетілген тауарларға толықтай сәйкес келмейтінін көрсетті", - дейді комитеті өкілдері.
Мәселен, көп мөлшерде декларацияланбаған және дұрыс емес декларацияланған тауарлар табылды, сондай-ақ әлемдік брендтердің контрафактілі тауарлары анықталды.