2017 жылғы 04 қаңтарда Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 2017 жылғы жаңа оқу кезеңі басталды. Бұл туралы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан халқының бірлігі мен мемлекет тұтастығын нығайту жолындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі жаңа оқу жылында әскери қызметшілермен өткізілген алғашқы мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағының басты тақырыбына айналды.
Қолбасшылық басқармасының офицерлерімен, сондай-ақ қолбасшылыққа бағынышты әскери бөлімдердің әскери қызметшілерімен және сарбаздармен алғашқы тәрбиелік сабақты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор Сағатбек Нұрахметов жүргізді. Сабақ барысында ол Елбасының бастамасымен елімізде іске асып жатқан ауқымды жобалармен қатар, мемлекетіміздің өткен 2016 жылғы жеткен жетістіктерін, оның ішінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының маңыздылығына ерекше тоқталып өтті:
- 2016 жылғы 16 желтоқсанда біз ұлы құндылығымыз – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік. Бұл біздің айтулы мерекеміз, өйткені Тәуелсіздік бүгінгі күндері Қазақстан халқының жеткен тарихи ұлы жетістіктерінің бірі, сондықтан да ол Мәңгілік еліміздің мәңгілік символы болып қала бермек, - деді Сағатбек Төлеубайұлы және Ұлттық ұлан әскерінің еліміздің өркендеуі, һәм тыныштығы жолындағы қосқан үлесін де назардан тыс қалдырмады.
Мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағы аяқталысымен әскери қызметшілерге «25 kz жаңа тарих» атты мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуы туралы документальды фильм көрсетілді.
Алғашқы тәрбиелік сағаттан кейін саптық алаңда сап түзеген ұландықтар қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ әскери мүліктерді дұрыс қолдану, кез келген міндеттерді атқару кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша тәжірибелік сабақтарға тарасты.
Жаңа оқу жылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұландықтардың алдында көптеген атқарылар жауапты міндеттер тұр. Соның бірегейі жақында басталатын 28-ші қысқы Универсиада-2017, атап өткіміз келетіні, бүгін осы көлемді іс-шарада қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ететін жас жауынгерлер жауынгерлік қызмет атқаруға салтанатты түрде кірісіп кетті.
"The Qazaq Times"