Қазақстан соңғы бір жылда миграциялық дағдарысқа тап болып, осы елдің орыстілді азаматтарының 60 пайызға жуығы елден көшіп кетуге ынта танытып отыр. Бұл туралы "Фарс" ақпарат агенттігі хабарлады.
Агенттіктің есебі бойынша, Орта Азияда тұрмыстық стандарттар бойынша көшбасшы болған Қазақстан соңғы бір жылда қатты миграциялық дағдарысқа тап болған. Сауалнамалардың нәтижелері бойынша, осы елдегі орыстілді азаматтардың 60 пайызға жуығы шетелге көшіп кетуге ынта танытып отыр.
Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы Қазақстаннан кеткен адамдардың саны 34 мың 965 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға артық. Сонымен қатар, комитеттің зерттеулеріне сәйкес, көшіп кеткен жергілікті халықтың саны 32 мың 637 адамға жеткен.
Болжам бойынша, 2016 жылы 28 мың 677 қазақстандық Ресейге, 2 мың 637 адам Германияға, 393 адам Белоруссияға, 228 адам Америка Құрама Штатарына, 173 адам Польшаға және 168 адам Канадаға көшіп кеткен.
Ал, Қазақстанға шетелден көшіп келушілердің де саны жыл сайын азайып келеді. Әсіресе, көршілес Ресей, Қытай, Өзбекстанда тұратын этникалық қазақтардың көптеп көшіп келуіне жыл сайын өзгеріске ұшырай беретін Көші-қон заңы кедергі келтіріп отыр.