Табыс өздігінен адамның денсаулығын жақсартпайды, яғни тікелей әсер етпейді. Бұл жерде жоғарғы табысқа байланысты нәрселер: үздік білім, сапалы тамақтану, қоғамдық байланыс, отбасы тұрақтылығы тағы басқалар маңызды рөл атқарады.
Кедейлік пен нашар денсаулық арасындағы байланыс ерте заманнан байқалған. Бұндай фактілер Ежелгі Греция мен Ежелгі Қытай хроникаларында көрсетілген. Ал оның тәжірибеге негізделген толық сараптамасы XIX ғасырда Лондон мен Париждегі ғылым орталықтарында жасалған.
Экономикалық даму өмір сүру ұзақтығының өсуіне әкелетін негізгі фактор болғанына қарамастан, өсу нәтижелері халықтың әр түрлі санаты үшін бірдей болмады. Зерттеушілер ең төменгі кедейлік деңгейі адамның денсаулығына біршама әсер етеді және адамдардың табысы мен олардың денсаулығы жағдайы арасындағы байланыс өспелі емес, өмір сүру ұзақтығының өсуі табыстың өсуімен баяулайды деп санайды.
Ұлыбританиядағы мемлекеттік қызметкерлердің денсаулық жағдайы туралы «Блэктің баяндамасында» жоғары жалақы алатын қызметкерлер арасында өлім-жітім деңгейі тек олардың ішіндегі ең бай топтарында ғана төмен болған. Осыдан кейін Ұлыбританияда азаматтарға тегін медициналық қызмет көрсететін мемлекеттік денсаулық сақтау қызметі құрылған. Адамның әлеуметтік мәртебесі өмір сүру ұзақтығына елеулі әсер ететіні байқалған. Бұл жаңалық денсаулықты сақтандыру жүйесі халықтың кедейшілігін жоя алмайтындығының дәлелі болды.
Халық табыстары жеке тұлғамен қаражатты ақшалай және заттай нысанда алатын жиынтықты көрсетеді, оны өмір сүрудің белгілі бір деңгейін қамтамасыз ету үшін қолданады.
Табыс пен медициналық қызмет көрсету бағасы. Табыс және өлім-жітім деңгейі арасындағы тығыз байланысты ескерсек, өмір сүру ұзақтығын өсірудегі медициналық қызмет көрсету рөлі туралы сұрақ туады. Себебі, сапалы емделу тікелей табысқа байланысты. Мүмкін бұған сену қиын болар, бірақ медициналық қызмет көрсету өмір сүрудің орташа ұзақтығына қалай да әсер ететіні дәлелденген.
Ұлыбританияда мемлекеттік денсаулық сақтау қызметін құру ең жоғары және ең төмен табысы бар адамдар арасындағы өлім-жітім деңгейіндегі айырмашылықты жоя алмады. Медициналық көмектің «Медикэр» атты мемлекеттік бағдарламасы тегін медициналық қызметке қолжеткізуде кедейлерді байлармен қатар қойған. Бірақ, әртүрлі әлеуметтік топтар асындағы өлім-жітім деңгейіндегі айырмашылық азаймады. 1900 жылдан бастап 2000 жылға дейінгі кезеңде АҚШ-тағы тегін медициналық қызмет көрсету жүйесі өлім-жітімнің төмендеуіне қатты әсер етпеді.
Көптеген зерттеулердің нәтижелері медициналық қызмет көрсету сапасы өмір сүру ұзақтығына қатты болмаса да, біршама әсер еткендігін айтады. Медициналық қызмет көрсету тиімділігінен XX ғасырда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 47-ден 77 жасқа дейін өскен. 1970-1980 жылдары Африка құрлығындағы өлім-жітім деңгейінің үрдісіне қарасақ, медицина ғылымын дамыту қажеттілігі айқын көрінеді.
Халықтың табысы азайған апатты бірнеше онжылдыққа қарамастан, медицинадағы жетістіктерге байланысты Африкада орташа өмір сүру ұзақтығы мен жұмыскерлердің жұмыс істеу қабілетінің үнемі өсуі байқалған.
Жұмыскерлер өзіне жұмыс берушіден және мемлекеттен қоғамдық қауіпсіздік және медициналық сақтандыруды күтті. Көмір кендерінде жұмыс істейтін шахтерлер жоғары еңбекақы үшін жердің астында жұмыс істеуге келіскен. Содан кейін олар жұмыс талаптары қауіпсіздігін жоғарылату, өндірістегі өкінішті жағдайлармен еңбекке қабілетсіздік үшін өтем төлеу туралы, сондай-ақ зейнетақыны қамтамасыз ету талаптарын қоя бастады.
1700 жылдары Англияда кейбір өндірістік кәсіпорын иелері өз жұмысшыларына денсаулықты сақтандыру қызметін ұсынған. Мұндай шарттар арқылы кәсіпорын жұмыскерлер үшін тартымдылығын арттырды және олардың ұзақ және жақсы жұмыс істеуіне түрткі болды. Жұмыскердің еңбекке қабілетсіз болуы немесе ауырып қалу тәуекелі енді тек жұмыскердің өзіне ғана емес, барлық компанияның мойнына жүктелді. Жауапкершіліктің осылай бөлінуі жұмыскердің ертеңгі күнге және жалақы мөлшерінің өзгеруіне деген сенімсіздігін азайтты.
Индустрияландыру мен жалақы төленетін еңбекке өту саяси биліктің бөлінуіне өзгерістер әкелді. XIX ғасырда жұмыскерлердің наразылық толқыны 1798 жылы Парижден басталып, 1917 жылы Ресейде аяқталды. 1883 жылы Германия канцлері Бисмарк ереуілдердің алдын алу үшін мемлекетте қоғамдық қамтамасыз ету жүйесін құрды, жұмыскерлерге 65 жастан кейін зейнетақы төлеу, еңбекке жарамсыздық қағазын алу және медициналық сақтандыру құқығын берді. 1950 жылдары АҚШ-та денсаулық сақтауды қаржыландырудың негізгі формасы - жұмыс берушілер ұсынатын жеке сақтандыру пайда болды. Бұл жүйені «Медикэйд» – ауқатсыздарға медициналық көмек федералдық бағдарламасы және «Медикэр» – қарттарға медициналық көмек федеральдық бағдарламасы толықтырды. Бүгінде денсаулық сақтау шығындарының 77 пайызы және ауруханаларды ұстау шығындарының 95 пайызы денсаулық саласына бөлінген қаржы көмегімен төленеді.
1850 жылы медициналық қызмет көрсету төлемі жекелеген тәртіпте жүзеге асырылған. Жұмыскерлер өздері сатып алатын заттар үшін ақы төледі, көп жағдайда бұл тағам, киім және пеш отыны болатын. Дамыған елдерде 1960 жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мемлекеттік және жеке сақтандыру қаражаттарына негізделген.
Бүгінгі күнде медициналық қызмет көрсету саласындағы жағдай әр жекелеген тұтынушының қаржылық шешімімен емес, сақтандыру пакеттері мен мемлекеттік қаражат жиынтығы арқылы жүзеге асырылады.
Ләззат Сейтқазықызы Спанқұлова
экономика ғылымдарының докторы, профессор
НархозУниверситеті, Қаржы және технологиялар мектебі