Кеше, яғни, 30 желтоқсан солтүстіктегі көрші елдің президенті В. Путин «Обама жариялап отырған санкция» туралы «қаперіне де алмайтын» ұстанымда тұратынын жариялады.
АҚШ-тың қызыметтен кете қоймаған президенті Барак Обама құрама штаттардағы президент сайлау ісіне араласты деген айыппен, 29 желтоқсан күні ресейлік Барлау және Қауіпсіздік органдары мен жоғары лауазымды тұлғаларына қарата санкция жариялаған болатын. Соған сай, отыз бес Ресей дипломатын елден шығару мен бірге АҚШ-тағы Ресей Сыртқы істер министрлігінің жылжымайтын мүліктеріне де тосқауыл қоятын болған. Бұның бұрынғы санкциялардан айырмашылығы – Ресей Сыртқы істер министрлігін айыптап мәлімдеме жасаумен шектелмей, қайта, бірден нақты әрекеттерге барып отыр.
Санкция жарияланған күні әр елдің ақпарат құралдарында бұған қарсы Ресей қандай шешім қабылдайды деген тақырып талқыдана бастаған еді. Ресей сыртқы министрі Сергей Лавров В. Путинге: Обаманың талабы бойынша дипломаттарды шығарып әкетіп, Ресей Сыртқы істер министрлігінің тұрақты мүлкін қайтару туралы ұсыныс айтқан еді. Алайда, Путин бұл ұсыныстан бас тартты. Десе де, АҚШ жариялаған санкцияға қарсы шаралар жасауға да нұсқау берген жоқ. Жауапкершілікті өз мойнына алатын сыңай танытты. Онымен қоймай, Путин Кремльдегі жаңа жылдық кешке америкалық дипломатты шақыратынын айтты.
Обаманың ойы, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Трамп пен америкалықтардың көңілді мереке өткізуі еді. Путинның оған мысқылды кекесін араласқан «жомарт» та , «жылы» жауап қатуы АҚШ ақпарат әлеміне жасаған тосынсыймен бірдей болды. Трамптың таққа отыруына қарсы көзқарастағы кейбір БАҚ өкілдері Путинның бұл шешімін тапқырлық деп «лайк» басты.
Путинның бұл қадамы таңқаларлық, тіпті өрескел көрінсе де, шын мәнінде орынды шешім деуге де болады. Себебі, Обама Ақүйде отырған сегіз жылда АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы бітпес дау-дамайға ұласты. Алайда, жуық арада Обама биліктен кетеді де, бір қарағанда Ресеймен достық қатынасқа құштар Трамп келеді. Бұл, әрине Ресей үшін қуанарлық іс. Обама жариялаған санкция Трамп пен Путин арасына сына қағу деп қараған Ресей жақ, оны елеусіз қалдыру арқылы, президенттік орнынан кетуге жақын Обама үкіметіне мысқыл жауап қатып отыр. Алайда, Трамптың таққа отыруы Ресейге қаншалық пайда әкеледі, ол жағы әлі белгісіз.
"The Qazaq Times"