Мамырдың 1 жұлдызы сағ. 11:00 «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кинозалында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесіне орай Алматы қаласы әкімдігі мен Алатау ауданы білім басқармасының ұйымдастыруымен Ахат Ыбыраевтың «Аңыздар кітабы: жұмбақ орман» фильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтеді.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген фильмде ағайынды Баха мен Таханың ертегі орманында бастан кешкен оқиғалары көрініс табады. Белгілі кәсіпкердің ұлдарының өмірі күтпеген «тосынсыйлар» мен қитұрқы әрекеттерге толы. Кәсіпкер әкенің жұмысбастылығы, өгей шешенің қырын қабақтығы олардың амазонкалар мекеніне аттануына себеп болады. Мақсаттары – амазонкалар патшайымының зұлым күштерге қарсы күресіне қолғабыс тигізіп, елге қорған болу. Ақысына қайтыс болған аналарын тірілтіп, әкелерінің өздеріне көңіл бөлуін сұрамақ. Алайда, өгей шеше де қол қусырып қарап отырмақ емес...
«Сыйқырлы сюжеттер» мен тосын оқиғаларға толы кинокартинаға қазақ көшпенділерінің ежелгі аңыз-ертегілері арқау болған. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет фэнтэзи жанрында түсірілген фильмде компьютерлік графика мен анимациялар кеңінен қолданылған.
Қайырымдылық көрсетілім әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналып қойылады.
Өтетін орны: Алматы қаласы, «Алатау дәстүрлі өнер театры».
Мекен-жайы: Алғабас-1ықшам ауданы, 6 үй. Т. Рысқұлов және
Б. Момышұлы көшелерінің қиылысы.
Анықтама телефондары: 398-85-16; 8 707 838 36 34
Уақыты: 3 мамыр, 2017 ж. сағ. 11:00
Эл. почта: ibraeva.2010@mail.ru
"The Qazaq Times"