QT редакциясы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына Тәуелсіздік тұсында туған «Нұрсұлтандар» мен «Әлихандардың» саны жөнінде арнайы сұрау жолдады. Қаңтар толқуы болған былтыр туған ер балаларға «Әлихан» есімі «Нұрсұлтанға» қарағанда 60 есе көп берілген.
Ұлттық статистика бюросының редакцияға берген жауабындағы ресми дерек қоғамның азаматтық-саяси көзқарасының өзгеру динамикасын айқындауда балама ақпарат болуы мүмкін.
Тәуелсіздік жарияланған жылы «Нұрсұлтан» есімі өте көп берілген. 90-шы жылдардың ішінде ақырындап азая түскен. 2000 жылы көрсеткіш мыңдықтан құлап, ХХІ ғасырдың алғашқы жылынан ары қарай қайта артады. 2007 жылғы дағдарыс тұсында қатарынан үш жыл төмендей түскен. 2010, 2011 жылы өсім байқалады. Жаңаөзен оқиғасынан соң үшінші онжылдықта үздіксіз кеми бастаған. 2015 жылдан кейін күрт азайған. Республиканың басым бөлігін «Шал, кет!» ұранымен қамтыған, аяғы қырғынға айналған Қаңтар оқиғасы болған 2022 жылы алғаш мәрте «жүздіктен» төмендеген.
Әлихан есімі Егемендік декларациясы қабылданған 1990 жылдан кейін елеусіз болса да тұрақты түрде берілген. Жүйелі өсім 2005 жылға қарай мыңдыққа жеткен. мен беріле бастаған. Төрт жылда екі мыңдыққа, ізін ала екі жылда үш мыңдыққа өрлей жөнеледі. Жылына үш мыңның үстінде Әлихандар дүниеге келіп жатты. Шетелдіктерге сатылатыны туралы заң жобасы шығып, елді Жер дауы шарпып, халық шерулеткен 2016 жылы ширек ғасыр мыңдап қойылған «Нұрсұлтан» есімі мыңдықтан күрт азайды. Қазақ азаматтық қоғамының Жаңаөзеннен кейінгі серпілісі болған мешін жылы 873 «Нұрсұлтан», 4766 «Әлихан» туды. Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығы ә дегеннен жылына 6 мыңңнан аса «Әлихандардың» толысуымен сүйіншіледі.
Осылайша, Қазақстан мемлекеттілік тарихында маңызды рөл атқарған саясаткерлердің есімі уақыт кеңістігінде екі түрлі деңгейде кескінделеді. Уақыт бағасы қоғам пікірінде көрініс табады деген әлеуметтанушы, тарихшылардың тұжырымын ономастика талдауы растайды.