«Антикор азаптау істерін тәуелсіз тергемеді» деген пікір құқық қорғаушылар мен адвокаттар, жәбірленушілер тарабынан жиі айтылады. Бас прокуратура редакция сұрауымен азаптау шағымдары туралы жаңа мәліметтерді ұсынды. Вертикаль жүйеде агенттік прокуратураның қолбаласына айналды деген сын көп айтылып жүр.

«Әділетсіз статистика»

Бас прокуратураның QT редакциясына берген жауабына қарағанда, Қаңтар оқиғасына қатысты азаптау фактісі туралы барлығы 330 шағым келіп түскен. Әр шағым бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген, яғни қылмыстық іс қозғалған. Бірақ «236 қылмыстық іс тоқтады және 83-інің тергеу мерзімі үзілді» дейді ресми ақпаратта.

«Тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдануы бойынша 3 іс өндірісте: СЖҚІА-де – 1, арнайы прокурорларда – 2. Азаптағаны үшін құқық қорғау және арнайы органдардың 34 қызметкері күдікті деп танылды. Тағы 8 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды, оның ішінде Ішкі істер министрлігі органдарының 17 қызметкеріне қатысты 5 қылмыстық іс сотқа жіберілді (қарауда). ҰҚК-нің 13 қызметкеріне және ІІМ-нің 2 қызметкеріне қатысты 3 қылмыстық істің қатысушылары іс материалдарымен танысып жатыр. 2 полицейге қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», – делінген Бас прокуратура қарамағындағы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов жолдаған жауапта.

Антикор төрағасының манипуляциясы

Биыл 5 қаңтарда Антикор төрағасы Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, Қаңтардағы азаптауға байланысты 432 қылмыстық істі «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ең тәжірибелі тергеушілері» тергесе де, нәтижесінде 347 іс қысқарған. Агенттік төрағасы азаптау жөнінде «ең тәжірибелі тергеушілердің» өзі «объективті деректер анықталмағанын» айтады. Орта жолдан көп істің жабылуы қоғамда күдік туғызды. Себебі сот-медицина сараптамасы 239 адамның жарақаттанғанын растаған. Сөйте тұра жәбірленуші бетперде-каска киген азаптаушының түрін көрмеген, бейнекамералар жұмыс істемеген деген уәжбен істе қылмыстық құрам жоқ деп тоқтаған. Құқық қорғаушылар мұны биліктің күштік құрылымдарды қорғау, жасыру әрекеті екенін айтады.

Парламент алдындағы есебінде «азаптауларды тергеу жөнінде Ыстанбұл хаттамасының талаптары қатаң сақталды» деген Антикор төрағасының сөзі – манипуляция. Халықаралық құжат бойынша азаптау фактісі расталып, азаптаушы анықталмаса, онда азаптау орын алған мекеменің басшылығы жауапқа тартылуы керек. Жаппай азаптау жүрген абақты, департамент, изолятор басшылары да, азаптаушы қызметкерлердің көпшілігі жазаланбады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов. Фото: Antikor

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов. Фото: Antikor

«Азаптау істерінің сотқа жетпеуіне – Антикордың прокуратураға тәуелді болуы себеп»

Азапталған азаматтардың заңды мүддесін қорғап жүрген адвокат Жалғас Сапарханова ресми статистикаға және тергеу әділдігіне күмәнмен қарайды.

– Қаңтаршыларға қатысты 7 мыңға жуық іс қозғалса, оның 3-4 мыңдайы азаптауға ұшыраған. Ал азаптау фактісі бойынша 330 ғана шағым түсті дегенмен келіспеймін, себебі, қаңтар-ақпан айында ұсталған қаңтаршылардың басым бөлігі жаппай азаптаудан өтті, сол уақытта оны естіп те жаттық. Оның ішінде менің қорғауымдағы 17 азаматтың 15-нің ісі заңсыз қысқарған, – дейді адвокат тілшіге берген сұхбатында.

Адвокат Жалғас Сапарханова және қорғауындағы қаңтаршы Ғалымбек Бисаев сот залында. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Адвокат Жалғас Сапарханова және қорғауындағы қаңтаршы Ғалымбек Бисаев сот залында. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Аталған істерді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті заң шеңберінде тергеп-тексеру жүргізбеді және Ыстамбұл хаттамасын негізге алмады» деп есептейді. Өйткені Ыстамбұл хаттамасына сәйкес, алдын ала тергеп-тексеру органы (Антикор) азапталған азаматтардан арыз-шағым түсіп, қылмыстық іс қозғалған сәттен бастап, тиіс құжаттар – сот медициналық, психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындыларын алу, жинау керек болатын.

– Алайда іс жүзінде олай болмады, өтініш хаттарымыз қанағаттандырусыз қалып, біржақты қаралды. Салдарынан 15 азаматтың ісін қысқартып тастады. Әлі күнге дейін қысқарту қаулысын қолға алғамыз жоқ. Тіпті іс біткенде танысатын іс материалы, көшірмелерін алу құқығымызды да шектеп отыр, – дейді адвокат.

Адам құқықтарына маманданған Сапарханова Антикор қызметкерлері азаптау қылмысын тәуелсіз тергесе, азаматтардың істері қысқартылмай сотқа жетер еді деп санайды. «Алайда бұл жерде агенттік прокуратураға тәуелді болды, себебі оларды қысқарту мәселелері бақылап-қадағалаушы прокуратурамен келісе отырып жүргізілді деген ойдамын» дейді.

Бұған дәлел – іспен танысу, қысқарту туралы қаулыны алу туралы өтінішпен жүгінген адвокаттарға Антикор үнемі істердің қала прокуратурасында, қала прокуратурасы Бас прокуратурада жатқанын айтып, жоғарыға сілтеуі.

P.S.:
Бас прокуратура Қаңтар қырғынында қаза тапқан 238 адамның алтауы азаптаудан көз жұмды деген. Одан бөлек жүздеген адам азапталғаны қоғамда наразылықты үдеткен. Алғашында оны жоққа шығарып келген билік кейін «азаптау науқаны» туралы мойындады.

Бейбіт наразы ретінде санкцияланбаған жиынға қатысқан мыңдаған адам күдікті ретінде танылып, іс арқаласа да, жаппай азаптаған құқық қорғау қызметкерлерінен тек ондағаны жауапқа тартылып жатыр.

The Qazaq Times