Климаттың жылынуы адамзаттың қазіргі басты пробеламалырының бірі. Ғалымдардың есебінше егер Жер шары орташа температурасы қазіргіден 2 С° жоғарылайтын болса бұл адамзатқа ауыр апат алып келуі мүмкін. Бұндай шамадағы температура мұздықтардың еруін, тиісінше теңіз-мұхиттардың деңгейін көтеруі мүмкін. Оның нәтижесі адамзаттың тіршілік ортасының өзгеруіне, жаһандық деңгейдегі табиғи апаттарға соқтырады.
Дүниежүзілік Метеорологиялық ұйымының жақында жариялаған есебінде, жаһандық ауыр апатқа алып келуі мүмкін осы қорқынышты температураға жету ықтималдығы күшейе түскен. Аталған ұйым алдағы бес жылда (2022-2026) Жер шары орташа температурасының 1,5 С° жоғарлау мүмкіндігі 50 пайызға дейін жетуі мүмкін деп дабыл қаққан. 2015 жылы бұндай шамаға жетудің мүмкіншілігі не бары 10 пайыз болған еді.
ДМҰ жыл сайын жаһандық климат өзгерістеріне байланысты жаңа есебін жария етіп келеді. Ұйым бұл есепке әлемнің ең үздік ғалымдар мен мамандарды ұйымдастырады, сондай-ақ, аналитиктердің шешім шығаруына көмек беретін әлемдегі жетекші климаттық орталықтардың ең жоғары дәлдіктегі мәліметтерін топтастырады. Осыншалықты жоғары деңгейдегі ғылыми жұмыстардың нәтижесі шығарған қорытынды бізге қуанарлық тұжырым беріп отырған жоқ. Соған қарап та Жер шары климатының жылынуы адамзат үшін аса қауіпті деңгейде екенін білуге болады.
Есепке сай, алдағы бес жыл ішінде Жер шарты орташа температурасы 2017-2021 жылдар аралығымен салыстырғанда жоғары болады. Бұл орташа температураның тұрақты түрде жоғарлау үрдісі сақтала беретінін көрсетеді, ғалымдар бұның ықтималдылығын 93 пайыз деп көрсетіп отыр. Демек, алдағы бес жыл ішінде де климат өзгерісі оңалуға бет алмайды.
Былтыр ғана жаһандық климат мәселесін тақырып еткен Париж конференциясы өтті. Онда әлем елдері орташа температураның жоғарлауын 2 С°-қа жеткізбеу мақсатында міндеттер жүктеп алды. Дегенмен, елдер арасындағы дамуға деген, өндіріске, ресурстарды игеруге деген өзара бәсекелестік жағдайында бұндай міндеттердің түбегейлі орындалып шығуы екіталай. Әлемдегі ірі өндіріс базалары саналатын және халық саны көп Қытай мен Үндістан секілді елдердің өндірісі әлі де болса көмірге көбірек сүйенеді. Аталған елдер өзінің шарт-жағдайына қарай жақын жарты ғасырда көмірден толық қол үзе алуы да неғайбыл. Бұл тұтас жаһанның тағдыры үшін үлкен сынақтарды алып келмек.
Алтынай Мұрат
Алматы облысы, Текелі қаласы.