Халықты қымбатшылық қысып барады, айлықтан айлыққа әрең күнелтіп жүрген елдің қалтасын қағып алатын аспандап кеткен бағаларды ауыздықтау кімнің құзырында? Әр саладан тек қана жоғары бағадағы заттарды көреміз. Киімді кимей, тұрмысқа қажетті басқа да тұтыну бұйымдарын алмай шыдауға болар, алайда азық-түлікке сұраныс тоқтамайды. Өзімізде өндірілген картоп, ұн, сүт өнімдерінің бағасы шарықтап кеткен.
Биыл наурызда азық-түлік тауарлары бағасының өсуі жылдық мәнде 15,4% жеделдеген, деп хабарлады Elorda.info Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жыл басынан бергі әртүрлі ел ішіндегі және халықаралық жағдайлар доллар бағасының өсіп, теңгенің құлдырауына әкелді. Шикізатқа тәуелді Қазақстан үшін теңгені өз деңгейінде ұстап тұру оңайға соқпады.
27 ақпанда Қазақстан Ұлттық банкі осы жағдайға орай рубльдің құлдырауынан болатын "негізсіз әсерді азайту үшін" керек жағдайда валюталық интервенция жүргізе беретінін жариялады. Интервенцияның көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты өрбитіні хабарланған. Экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайды ескергенде мұнай бағасының өсуі теңге тұрақтылығына әсер ете алмайды. "Өйткені Қазақстанда мұнайдан түсетін пайданы батыс компаниялары алады" дейді ол азаттыққа берген мәлімдемесінде. Үкімет теңгенің құлдырауын тоқтатқысы келсе де, азық-түлік бағасының өсуын шектей алмай отыр, бұл өз кезегінде, басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қымбаттауына әкелді.
Маусым айынан бері қант бағасы рекордтық деңгейге жетті. Қазақстанда күзге қарай қант бағасы 1 000 теңгеге дейін көтеріледі, – деп хабарлаған "Хабар 24" телеарнасы. Алайда күзде болады деген 1000₸, қазірден басталып кетті, тіпті кей өңірлерде бір адамға екі, үш келіден артық сатылмай жатыр. Жаз бен күз мезгілінде қантқа сұраныс артып, жеміс тосаптарын, компоттарын жабатын кез. Қысқа басып алатын вареньеге көп отбасының жағдайы келмейтін түрі бар. Energyprom.kz мониторинг агенттігінің ақпаратына сәйкес, қант бағасы бір жыл ішінде 61%-ке өсті. Бұл өсім осылай жалғаса берсе, күзге дейін бағаның қанша болатынын болжау қиын. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі қант тапшылығын мойындап, оны Ресей тарапынан қант экспортына енгізілген тыйыммен байланыстырды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев үкімет отырысында елімізде алдағы уақытта қант бағасының қанша теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін наурыз айының ортасында айтқан еді. Министрдің сөзінше өзіміздің азық-түлік келісімшарты бар корпарациямыз бар. Көтерме сұранысқа ермей, қажеті жоқ көп көлемде қантты сатып алмаңыздар. Себебі қазір азық-түлік келісім-шарт корпорацияның қоры бойынша 2,5 мың тонна қантымыз бар. Оны 311 теңгеден өңірлерге жеткізу жұмыстарын жасап жатырмыз", - деді министр. Қарашөкеевтің сөзінше, қант бағасы алдағы уақытта әрі кетсе 60-70 теңгеге өсуі мүмкін деген болатын.
Қазіргі жағдайға қарағанда, министр болжаған бағадан әлдеқайда асып кетті, тіпті дүкендерде қант тапшылығы байқалады.Талғар ауданында 1000₸ дейін саудалануда. Онлайн дүкендерден байқағанымыздай көтерме бағада 600 келіден көп алсаңыз 720 ₸ сатылады. Әрине бөлшек бағаның қаншаға баратынын саудагер өзі белгілейді.
Елдің қалтасынан табағына түскен қымбатшылық, халықты тәттісінен айырмасын. Қара шайын қантпен ішуге, қара ботқасын қантпен жеуге мүмкіндік беретін заңдар референдумнан соң, өз жемісін берер деген үміттеміз.
Нүрбәтима Байтұрсын
Талғар ауданы