Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция биыл алтыншы рет өткізілді. Халықаралық журналистиканың даму трендтеріне арналған ғылыми жиын Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен өтіп келеді. Биылғы конференция жұмысына АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Польша, Түркия, Мексика, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінен ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысып, журналист қауіпсіздігі, климат өзгерісі, медиа ақпараттық сауаттылық, қақтығыстарды БАҚ беттерінде жариялау, гибридтік білім берудің технологиялары, Орталық Азиядағы миграция, бейбіт, демократиялық қоғам құру т.б. қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді қозғап, шешілу жолдарын ұсынды. ЮНЕСКО кафедрасы әлем ғалымдарын, медиа-педагогтар мен халықаралық журналистерді бір платформаға біріктіріп, заманауи журналистиканың даму үрдістерін жан-жақты талқылауға мұрындық болды.
Қазіргі цифрлық ортада қауіпсіздік мәселесі кімді де болса алаңдатары даусыз. Осы орайда алқалы жиында қозғалған жасанды интеллект, үлкен деректермен жұмыс, журналистиканың адамзат өміріндегі маңызы мен қызметі туралы пікірлер түйткілді мәселелердің тиегін ағытты әрі олардың шешімін табуына журналистер, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ, ЖОО оқытушылары мен әлемдік журналистика мектептері бірлесе қызмет етуі тиіс екендігіне тағы да көз жеткізді.
Халықаралық конференцияны ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Тасибеков Хайдар қоғам өміріне белсенді қатысып отырған қазіргі университеттердің рөліне тоқталды. Бүгінгідей жаһанданған білім беру парадигмасы контексінде әлемді тұрақты дамыту моделін жүзеге асыруға қабілетті «үшінші ұрпақ» университеттерінің рөлі өсіп отырғандығын атап өтті.
ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өңірлік маманы Сергей Карпов дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңындағы өткізілген алқалы жиынның маңыздылығын атап, азаматтардың сенімді ақпаратқа құқықтары, журналистиканың халықаралық стандарттарын сақтау академиялық қауымдастық тарапынан қолдау тауып отыруы қажеттігін баса айтты. Ұлттық маман ЮНЕСКО әзірлеген ең маңызды журналистік тақырыптарды қамтитын жаппай ашық онлайн курстарға тоқталды. Осы орайда ЮНЕСКО кафедрасының халықаралық жоба аясында Орталық Азия университеттеріне арналған ашық онлайн курстар даярлап жатқандығын айта кету қажет.
Түркітілдес журналистер ҚҚ Президенті Нәзия Жоямергенқызы Қазақстан журналистикасының қызмет ету ерекшеліктеріне тоқталып, журналистердің ақпарат алудағы және таратудағы кәсіби білігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Конференция жұмысына қатысқан Британиядағы «Avrupa» медиахолдингінің президенті Ватан Өз бен ВВС телеарнасының Нидерландтағы меншікті тілшісі Юсуф Өзкан қазіргі медианың ең маңызды деген міндеттерін атап, фактчек жасау тәсілдерін меңгеру мен жалған ақпаратпен күресу туралы пікірлерімен бөлісті.
Конференцияға өзге елдерден қатысқан ғалымдар қазіргі таңдағы халықаралық тұрақтылыққа фейк ақпараттардың ықпалын баса айтты. Қазіргі геосаяси жағдайда сенімді, шынайы ақпарат берудің маңыздылығы, журналистердің біліктілігі мен кәсіби этиканы сақтауы, болашақ кәсіби білікті мамандар даярлаудағы оқыту форматтары мен құралдары да назардан тыс қалған жоқ.
Алқалы жиын халықаралық ұйымдардың өкілдері мен танымал медиа тренерлердің шеберлік сыныптарына ұласты.
Назгүл Шыңғысова
ЮНЕСКО-ның журналистика және
коммуникация кафедрасының меңгерушісі
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ