Қытайдың ең ірі қаласы әрі қаржы орталығы саналатын Шанхай қатаң карантиндік шектеуге жабылғанына екі аптадан асты. Кейбір сарапшылар Шанхайдағы коронавирусқа байланысты қатаң шектеулердің саяси себептері де бар деп санайды. Яғни, Бейжіңнің күштік құрылым өкілдері мен мен Шанхайдың жергілікті шенеуніктері арасында қарама-қайшылықтар мен қақтығыстар болып жатқан болуы мүмкін. Сарапшылар бұл жағдай Шанхайдағы індеттің алдын алу шайқасын жергілікті және орталық үкімет арасындағы саяси күреске айналдырып жатыр деген пікірлер де айтады.
Ресми статистика бойынша Шанхайдағы індет жағдайы
Қазір Шанхай қаласын үш аймаққа бөле отырып індетті тежеу шаралары жүргігізіп жатыр. Шығыс аудандарда «жабық бақылау аймағы» режимі енгізілсе, Фу Ши секілді батыс аудандар «бақылау аймағы» режимінде, өзге аудандар мен оған жақын аймақтар «алдын алу аймағы» режимінде. Қытайдың ресми мәліметінде 7 сәуір мен 9 сәуір арасында Шанхай қаласында вирус жұқтырғандар саны қатарынан 3 күн бойы 20 мыңнан асқаны айтылған. 9 сәуірдегі көрсеткіш бойынша 24 мың 943 шанхайлықтан вирус анықталған. Ресми статистика бойынша 1 наурыздан бері қарай Шанхайда тіркелген науқастар саны 180 мың адамға жетті. Онда қазір 50 мың орынды жедел емхана құрылу үстінде.
Қытайдың вирусқа қарсы күресудегі саясаты сынға қалды
Коронавирус пандемиясының әлемге жайылған алғашқы және екінші толқыны, тіпті үшінші толқыны кезінде әлемдегі көптеген елдерде індет жұқтырғандар саны неше жүзмыңдап саналып жатты. Қазақ болғандар саны да он мыңдап, жүз мыңдап саналды. Бұл кезеңдерде Қытай вирустың «нөлдік көрсеткіш» саясатын ұстанып, өзін індетті өнімді тежей алған ел ретінде насихаттаған болатын. Бірақ, қазіргі Қытайдағы індет жағдайына қарай отырып, жағдайдың мүлде керісіне айналып бара жатқанын байқауға болады. Қазір әлем елдерінде коронавируспен бірге өмір сүрудің эпидемияға қарсы менталитеті қалыптасып үлгіргендей болды. Көптеген елде вакцинация, ревакцинациядан өткен азаматтар саны көбейді немесе тұрғындардың вирусқа қарсы иммундық қарсылық қуаты күшейіп, бетперделік режим алынып тасталып жатыр. Дәл осы тұтса Қытай коронавирустың жаңа толқынына тап болуда.
Қазір Қытайдың ең ірі қаласындағы 26 миллионнан астам адам үйлерінен шыға алмай отыр. Қатаң карантиндік шарттарда кейбір ұдайы медициналық жәрдемге мұқтаж немесе созылмалы сырқаты бар тұрғындар үшін үлкен қиындықтар жаралды. Оның үстіне вирусқа қарсы күрестегі кейбір әсіре шектеулер мен қатаң шарттар Шанхай тұрғындарының төзімін тауысып, шектеу шарасынан келіп шыққан зиянның өзі Omicron вирусы келтірген зияннан да асып түсті.
«Қараңғыдағы қарсылық»
Бұндай жағдай ел азаматтарын ғана емес, шетелдік ақпарат құралдарының да Шанхайдағы індетке қарсы күрес шараларынан саяси астар іздеуге итермеледі. Шанхайдағы індет жағдайында «Нөлдік көрсеткіш» саясаты туралы бағалаған Нью-Йоркте тұратын тәуелсіз сарапшы Ю Пин былай депті: « “Нөлдік көрсеткіш” саясатының ең басты мәселесі – оның эпидемиологиялық тұрғыдан емес, саяси тұрғыда қарастырылуында. Оның (Қытай басшысы Ши Жинпиңді меңзейді, QT) саяси капитал ретінде бұрынғы індеттің алдын алуының негізгі қағидасы ретінде қарастырылуы», – дейді. VOA агенттігіне берген жауабында.
Расында Қытай басшысы коронавирус індетіне қарсы қатаң саяси ұстанымды талдады. Ел шекарасын толық жауып, «нөлдік көрсеткіш» саясаты бойынша індеттің таралуын күшпен тежеді. Бұл өзге елдердегі індет жағдайымен салыстырғанда кәдімгідей жоғары саяси ұпай берді. Бірақ, екі жыл бойы жүргізген осы саяси тәсілдерінен кейін де елде жүз мыңдап науқастардың тіркелуі ел халқының індетке қарсы күрестегі билік ұстанымына деген сенімін күйреткендей болды.
Кейбір шетелдік басылымдар, айталық The New York Times, VOA қатарлы америкалық ірі ақпарат құралдары індетке қарсы күрес бойынша Бейжің мен Шанхайдағы билік кландары арасында «астыртын тартыстар» жүріп жатқанын айтады. Бұл қайшылық, шын мәнісінде, індетті жеңу бойынша қолданатын саясатта ғана емес, Шанхай мен Бейжің арасындағы саяси, менталитеттік тартыс десек те артық емес. Сыртқы бақылаушылардың пікірінше, Бейжің билігі Шанхайдың өзі ұсынған «Нақты алдын алу және бақылау» шарасын мақұлдамай, Шанхайдағы эпидемиялық жағдайды бағалауда күшпен араласып отырған болуы мүмкін. Тіпті, агрессиялық мүмкіндігін де пайдаланып қаланы күшпен карантинде ұстауы да мүмкін деген көзқарастар айтылады.