Жуырда атышулы «13-тің соты» бойынша бес жылға қамау жазасына кесілген, құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған азаматтық белсенді Қайрат Қылышевтің екі бүйрегі суықтап, түрменің медициналық бөліміне жатқызылғаны хабарланды.
Бұл туралы белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісіндегі парақшасына 20 қазанда жариялаған жазбасында жазды.
«СИ-18 мекемесі суық болғандықтан бүгін (20 қазан) Қайрат Қылышевтің екі бүйрегінен приступ ұстап, медициналық бөлімге жатқызылды. Денсаулық сақтау министрлігі, Қылышев тиісті ем-шарасын алып жатыр ма, ақпарат беруді сұраймыз?» деді Төреғожина.
Азаттық радиосының жазуынша, Қайрат Қылышевтің әйелі Жанар Сарықұлова құқық қорғаушының жазбасынан кейін сәрсенбі кешке қарай күйеуімен телефон арқылы сөйлескен.
«Кеше Қайратқа бастықтың кабинетінен хабарласқызыпты. «Бәрі жақсы, уайымдамаңдар» деп айтсын деп. «Жақсы қарап жатыр» деді. Дәрі-дәрмектердің атын жазып алдым. Енді соларды апарамын. Ауруы қатты асқынып кетпеген сияқты. Қайрат бұрын бүйрек ауруына шағымданған емес. Бірінші рет осындай ауруы жөнінде айтып отыр» деген «саяси тұтқынның» жолдасы Азатттық тілшісіне.
Осыған дейін ҚДТ жақтасы ретінде билік рұқсат етпейтін саяси мәндегі наразылық жиындарға қатысып жүрген Қайрат Қылышев былтыр тамызда қамауға алынып, биыл қазан айының ортасында Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1 және 2 бөлімдері бойынша («Тыйым салынған ұйым ісін ұйымдастырды және араласты») айыпталды. Өзі қатарлы бір күнде сотталған 13 белсендінің арасында бес жыл түрме жазасын арқалаған төрт адамның бірі осы – Қылышев. Ол айыптау актісімен келіспейді, азаматтық ұстанымы үшін «биліктің тықсыру мақсатында жасаған саяси астары бар үкім» деп есептейді.
«Жүйенің құрбанына айналдық» деген төрт белсенді (Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов) және осыған ұқсас айыппен қыркүйекте сотталған Ұласбек Ахметов 18 қазанда БҰҰ мен Еуропарламентке ашық хат жолдаған. «Бесеудің хаты» аталған бұл оқиға өткен ғасырдағы коммунистік саясаттың озбырлығын еске түсірді.