Швеция астанасы Стокгольмде Нобель сыйлығының әдебиет бойынша биылғы лауреатының есімі жарияланды. Ол – жарты ғасырдан аса уақыт Ұлыбританияда тұратын 72 жастағы танзаниялық жазушы Абдулразақ Гурнах (Abdulrazak Gurnah).

Нобель комитетінің хабарлауынша, сыйлық жазушыға «мәдениеттер мен құрлықтар арасында сабылған босқындардың тағдырын және отаршылдық салдарын жан-ділімен қанық бейнеде суреттегені» үшін табысталған.

Абдулразақ Гурнах 1948 жылы сол кездегі Британия бақылауындағы Занзибар сұлтандығында (қазір Танзания құрамындағы жартылай автономиялы арал) араб текті мұсылман отбасында дүниеге келген. Ол 20 жасында, 60-жылдардағы Занзибардағы төңкерістер кезінде Британ жеріне қоныс аударған, сондан бері ағылшын жерінде тұрады. Сонда белгілі қаламгерге айналды, сондай-ақ осызаманғы постотаршылдық әдебиет бағытында танымал зерттеулердің авторы атанды.

Гурнах реализм жанрында жазады. Оның «Ұжмақ» (1994) романы Букер және Уитбред сыйлықтарының шорт-тізіміне енген, «Теңізде» (2001) романы да Букер номинациясын иемденген. Гурнаның шығармалары негізінен отаршылдық салдары және босқындар өмірін арқау еткен. Құрлық аралық мәдениет айырмашылығын, оның жекелеген адамдардың тағдырындағы көрінісін бейнелеген туындылары бұған дейін де күшті аңыс тудырған.

Автор қазір оңтүстік-шығыс Англиядағы белді Кент университетінде әдебиет саласы бойынша оқытушы-дәріскер қызметінде.

Босқындар туралы толғаған босқын-жазушының 7 қазанда Швед академиясына (Швеция, Стокгоьм) қойылған еңбектері. Фото: AFP / Jonathan Nackstrand

Босқындар туралы толғаған босқын-жазушының 7 қазанда Швед академиясына (Швеция, Стокгоьм) қойылған еңбектері. Фото: AFP / Jonathan Nackstrand

Былтыр америкалық ақын Луиза Глюкқа «жалқыны жалпының ортақ сезіміне айналдыра білетін өткір сұлулығы мен нық поэтикалық үні» үшін әдебиет саласына арналған Нобель сыйлығы берілген. 2021 жылғы Нобель сыйлығының әр саладағы көлемі – 10 миллион швед кронасы (1,145 млн АҚШ доллары).

1901-2019 жылдары аралығында Нобель сыйлығы әдебиет саласына 114 рет табысталды. Нобель комитеті мен Швед академиясы жеті мәрте марапатқа лайықты үміткерлер жоқтығы себепті сыйлық тағайындаудан бас тартқан. Мұндай жағдай көбіне бірінші бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар тұсында (1914, 1918, 1940-1943ж.) және 1935 жылы болған.

Әдебиет номинациясының Нобель сыйлығы  әдетте бір мезетте бірнеше лауреатқа сирек беріледі. Тарихта 4 рет бір номинацияны екі автор теңдей бөліскен. 1904 жылы марапатқа француз ақыны Фредерих Мистраль және испан драматургі Хосе Эчегарай-и-Эйсагирре ие болды. 1917 жылы даниялықтар Хенрик Понтоппидан мен Карл Геьллеруп алды, 1966 жылы израильдік Шмуэль Агнон мен Нелли Закс, ал 1974 жылы шведтер Харри Мартинсон мен Эйвинд Юнсон сыйлыққа бірдей ортақтасқан.

"The Qazaq Times"