Таяуда канцлерлік қызметінен кеткелі жатқан Ангела Меркел Германияның үкімет жетекшісі ретінде Құрама Штаттарға соңғы рет ресми сапармен барды. Ақ үйдегі кездесуде ол Байденмен Ресей және Қытай тақырыптарында сөйлескен.
Ресейдің «Солтүстік ағыс-2» жобасы
Байден мен Меркель ханым арасындағы кездесу бір сағатқа жалғасқан. Ақ үйдің мәлімдемесінде екі лидердің кездесуі достық мәнде өтті деп бағаланған. Бірақ, кездесуден кейінгі баспасөз жиынында Байден Ресейдің «Солтүстік ағым-2» газ құбыры жобасы бойынша ортақ пікірге келе алмағандарын мойындады.
Анығында, дәл осы мәселе қазіргі АҚШ, Еуропа және Ресей үшжақты қатынасындағы аса сезімтал мәселе. Осыдан бұрын Байден Ресейдің СО-2 газ құбыры жобасына санкция салудан бас тартқан болатын. Оның себебін «жақын достарымыз мақұл болмауы мүмкін» деп түсіндірген. Оның меңзеп отырғаны Германия екені белгілі.
Уашингтон болса Ресейдің аталмыш жобаны пайдалана отырып, НАТО-ның шығыс одақтастарына қысым көрсетуінен алаңдайды. Бірақ, Берлин тарабы еліне арзан газ жеткізетін бұл жобаның санкциялануына мақұл емес. Кездесуде Байден Ресейдің жобасына қатысты алаңдаушылығын ашық ортаға салды. Тараптар қалай да ортақ мәмілені табуға тырысты, нәтижесінде Берлин мен Уашингтон Мәскеудің газ құбыры жобасын саяси құралға айналдыруға жол бермейтін болып келісті.
Ресей мен Қытай немесе демократиялық құндылық тақырыбы
Ақ үйдегі кездесуден кейін Байден: «Біз НАТО-ның шығысындағы одақтастарымызды Ресейдің агрессиялық әрекеттерінен қорғау үшін бірігеміз. Бұл бойынша бұдан кейін де бірлесе іс алып баратын боламыз», – деді. Сондай-ақ, ол екі одақтас Қытайдың антидемократиялық әрекеттеріне де бірлесе қарсы тұратынын жеткізді.
«Біз Қытайдың немесе басқа бір елдің екін және ашық қоғамды бұзу үшін әрекет етіп жатқанын көрсек, демократия мен адам құқығын қорғаймыз», – деді Байден Меркель ханыммен бірге өткізген баспасөз жиынында.
Қытай Германияның маңызды сауда серіктерінің бірі. Бірақ, соған қарамастан адам құқығына қатысты кейбір мәселелерде Берлин Бейжіңді ашық сынап келеді.
Екеуара кездесуде белгілі болғандай, АҚШ тарабы президенті өлтірілгеннен кейін тұрақсыздық орнап жатқан Гаитиге әскер кіргізуді «қазірше қаламайды. Бұдан тыс Куба туралы да байыптылықты сақтауға тырысатыны мәлім болды. Байден сөзінде: «Коммунизм, – бұл қираған, бүлінген жүйе», – деп салды. Ол Кубаға қарата «Қайырсыз мемлекет өз азаматтарын репрессиялауда» деді.
Меркель ханым мен АҚШ президенттері және АҚШ-Еуропа қатынасы
Меркель ханым АҚШтың төрт бірдей президентінің (Жорж Буш, Барак Обама, Дональд Трамп және Жо Байден) тұсында Германия үкіметіне басшылық етті. Ең қызығы Меркель ханыммен АҚШ-тың алдығын үш президентінің де қарым-қатынасы нашар болған. Меркель ханым канцлер болып тұрған тұста Германия АҚШ саясатына иліге бермейтін санаулы ғана Еуропа елдерінің бірі болды.
Жалпы жағдайдан алып қарағанда, біз Еуропа мен АҚШ қатынасының жаңа арнаға түскенін байқай аламыз. Еуропа Одағынан Британияның шығып кетуінің алды артында Еуропа құндылығы мен Англо-Саксондық құндылық арасында белгілі деңгейде бәсекенің болғаны да сөзссіз. Қазір Еуропа одағының лидері қатарында Германия мен Франция кейбір мәселелер бойынша АҚШ пен Англияның дегенімен келісе қоймайды. Бұл жағдай бұдан бұрынғы АҚШ-Еуропа қатынасына мүлде ұқсамайды.
Меркель мен Байден
Кездесуде Меркель ханым Байденге қарата көп рет «құрметті Жо» деп айтқаны ақпарат құралдарының назарына ілініпті. Екеу арасындағы кездесу ілтипатты мәмілеге толы болды деп бағалауға болады. Байден өз кезегінде Меркельдің қызметтен кетіп жатқанына өкініш білдіргендей: «Ендігі саммиттерде сіздің орныңыз өгейсіп тұратын болды», – деген.
Меркель ханымның Германия канцлері ретінде Ақ үйдегі соңғы кездесуін бағалаушылар оның Байденмен қарым-қатынасы бұрынғы АҚШ президенттерімен салыстырғанда «әлде қайда жақсы» деп санайды.
Ангела Меркель осы айда өтетін сайлауға қатыспайтынын айтқан. Бірақ, елдегі сауалнамалар нәтижесінде оны әлі де билікте қалса дейтіндердің басым екені мәлім болған. «Германия анасы», тіпті «Еуропаның анасы» деген бей ресми атқа ие болған Меркель 2005 жылы канцлер болып келгенеді.