Пандемияға байланысты бір жылға кешігіп өткелі жатқан Халық санағының ұйымдастыру мәселелеріне арналған брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статис­тика бюросы басшысы Нұрболат Айдапкелов науқан шығынының ұлғаю себебін түсіндірді.

Тамыз айында аумақтық статистика бөлімшелерінің  қызметкерлерін оқыту басталады, олар кейін қыркүйек айында  уақытша санақ персоналын (интервьюерлерді) іріктеп-оқытуды ұйымдастырады.

«2018-2021 жылдар аралығында дайындық кезеңі болды. Санықтың негізгі кезеңі биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан күндері аралығында өтеді. 2021-2023 жылдары барлық дерек өңделетін қорытынды сатыдан соң 2023 жылғы қаңтар айында түпкілікті қорытынды мәлімет жарияланатын болады. Қыркүйек айында уақытша жұмысқа тартылатын азаматтар оқытылады», – деді бас статист.

Статбюро: Биылғы сауалнама бұрынғыдан өзгерек

Әр азаматқа 4 парақшадан тұратын 91 сұрақ қойылады.  Айдапкеловтің айтуынша, бұл жолғы сауалнамаға дәстүрлі көрсеткіштермен қатар жаңа сұрақтар енгізілген:

  •  халықты есепке алу сәтінде респонденттің орналасқан мекен-жайы;
  •  тіршілік әрекетін шектеу (көру, есту, жүру, есте сақтау немесе назарды шоғырландыру қабілетіне қатысты);
  •  ҚР аумағында уақытша тұратын адамның келген елі;
  •  шетелдіктердің келу мақсаты;
  •  пандемияның табыс деңгейіне әсері;
  •  Сovid-19-бен ауру және вакцинация.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статис¬тика бюросы басшысы Нұрболат Айдапкелов. Фото: ҚР ОКҚ

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статис¬тика бюросы басшысы Нұрболат Айдапкелов. Фото: ҚР ОКҚ

Қосымша сұрақтарды қосу арқылы кейбірі толықтырылған:

  •  көші-қон – Қазақстаннан тыс жерлерге шығуды жоспарлау туралы, негізгі себептері мен мерзімдері;
  •  неке жағдайы – қазіргі (немесе қайта) некеге тұру туралы;
  •  жұмыспен қамтылу – уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, жұмыстан тұрақты тұрғылықты жеріне оралу кезеңділігі туралы;
  •  бала туу – туған балалар және бірінші мен соңғы баланың туған күндері туралы;
  •  тілдерді меңгеру деңгейі;
  •  діндер;
  •  бір айлық табыстың нобай мөлшері.

Редакция тілшісінің қойған сұрағына бюро басшысы президент тапсырмасымен құрылған Ұлт­тық санақты өткізуге жауапты вице-премьер Әлихан Смайылов жетекшілік ететін арна­йы комиссияның мүшелеріне мемлекет тарапынан ешқандай қаржы төленбейді деп жауап берді.

Үшінші ұлттық халық санағы қалай өтеді? Әр респондент шығыны

Санақ бірнеше әдіспен жүргізілмек. Сауалнамаға қатысушы орналасқан жеріне қарамастан, 1-15 қазан аралығында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтын жеке профилін өз бетінше толтыра алады. Азамат техника тілін қиынсынса, ХҚКО, әкімдік, пошта бөлімшелері не мектептерде  т. б. санақтан өте алады. Сонымен қатар, санақтың онлайн түріне қатыса алмағандарды толық қамту үшін қазан айы бойы 32 мыңнан астам интервьюер үйме-үй аралап, ақпарат жинайды. Әр интервьюер 833 адамнан сауалнама алуға міндеттелген.

 – Халық санағын өткізу кезінде 32 313 адам уақытша жұмысқа  орналасады. Олардың қатарына бюджеттік мекемелердің қызметкерлері мен педагогтер мәжбүрлеп тартылмайды, мамандар өз еркімен қатысады. 2021 жылғы халық санағын өткізу кезінде әр  адамға 1,1 АҚШ доллар көлемінде шығын жұмсалмақ. Мысалы, 2009 жылғы санақ кезінде бұл сома 2,9 доллар, ал санақ бюджеті 6,5 млрд теңе болған еді. Халық  санағына жұмсалатын шығынның елеулі деңгейде кемуіне цифрлық  технологиялардың көптеп қолданылуы, кеңсе құралдарының қажет болмауы себеп, – дейді Айдапкелов.

Бас санақшының сөзінше, көршілес елдермен салыстырғанда, бір  адамға шаққандағы ұлттық халық санағының құны Қырғызстанда (2021 ж.) – 1,2$,  Әзірбайжанда (2019 ж.) – 1,44$, Ресейде – 3,6$ (2021 ж.).  Бас-аяғы бес жылға жоспарланған ұлттық халық санағының бюджеті 9,1 млрд теңге шамасында, қазіргі  уақытта игерілгені 3,5 млрд.

9,1 млрд есебі: Бастапқы жоспардан тыс 900 млн теңге неге керек?

Биыл наурыз айында статбюросы басшысының орынбасары Нияз Көшкімбаев Ұлттық санаққа 8,2 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеген. Бірақ соңғы ресми мәлімет бойынша, саяси науқан бюджеті 9 млрд 100 млн теңгеге ұлғайған. Айдапкелов мұның себебін халық санының өсуімен байланыстырды.

– Бюджетті нақтылау кезінде жұмыскерлерге төленетін жалақы мен АЕК-тің өсуіне байланысты қосымша қаржы сұрадық. Тағы бір себебі – былтыр жоспарда 18,6 млн адам болса, биыл бұл есеп шамамен 19 млн 51 мың адамға жетуі. Адам санына байланысты жүктеме де артты, – деп түсіндірді статбюро жетекшісі редакция тілшісіне берген жауабында.

19 млн қазақстандықты түгендеуге бөлінген 9,1 млрд теңгенің есебі:

  • 27 412 планшет сатып алуға – 1 млрд 85 млн 600 мың;
  • штаттан тыс қызметкерлер мен санақ персоналының  еңбекақысына – 4 млрд 702 млн;
  • 30 255 сауалнама алушы маманға портфель сатып алуға – 56 млн 800 мың;
  • бағдарламалық қамтамасыз  етуді әзірлеу, серверлік және коммуникациялық жабдықпен қамтуға – 932 млн 600 мың;
  • 139 көлік алу үшін – 475 млн 400 мың;
  • компьтерлер мен ұйымдық техника сатып алуға – 213 млн 300 мың;
  • санақ  құралдарын тираждауға – 35 млн;
  • жиһаз және кеңсе тауарларын алуға – 100 млн 600 мың;
  • іссапар шығыстарына – 20 млн;
  • ЖЖМ-16,9 млн. теңге,
  • картографиялық  материалдарды көбейтуге – 44 млн 100 мың;
  • байланыс қызметтеріне – 1 млн 911 мың;
  • телефон аппаратырын қолдануға – 946 мың;
  • үй-жайларды жалдауға  - 122 мың;
  • көлік жалдауға – 3 млн 383 мың;
  • жарнама роликтеріне – 7 млн 27 мың теңге қарастырылған.

2009 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында Қазақстан өткізілген екінші Ұлттық халық санағында ел саны 16 милионнан асқаны хабарланған еді. Биыл тамыз айының басында президент Тоқаев қазақстандықтардың қатары 19 миллионға жеткенін сүйіншілеген.

The Qazaq Times