Бүгін, 30 шілде күні Алматы жұрты режиссер, оппозиция қайраткері Болат Атабаевты ақтық сапарға шығарып салды. Зиялы қауым арасынан халық жағында тұрған санаулы тұлғаның бірі Атабаевтың жаназасына карантин талаптарына қарамастан қалың жұрт жиналды.
Режиссердің өз үйінің алдында өтелген жаназа рәсіміне әріптестері, бірқатар қоғам қайраткерлері және қоғам белсенділері де қатысты. Олар айтулы тұлғаға аза тұтып, жақындарына көңіл айтты. Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, жиналғандар арасында бірлі-жарым билік өкілдері де болған.
29 шілде күні бақилық болған марқұмның қазасы қазақ еліне, соның ішінде зиялы қауым мен азаматтық қоғам өкілдерін, өнер мен әдебиет өкілдеріне айрықша ауыр тиді. Болат Атабаев былтыр ғана науқасына байланысты ауыр операциядан шыққан болатын.
Көрнекті тұлға халық жағында тұрып, билікке ашық сын-пікір айтқан санаулы зиялы қауым өкілінің бірі. 2011 жылы «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде билік жағынан қамауға алынып, артынша босатылған. Билік тарабынан жасалған қысымға байланысты Германияға кетуге мәжбүр болған еді. Соңғы бірер жылда ғана елге оралған Болат Атабаев соңғы уақыттарда театр саласында өзінен кейінгі буынға тәжірибелерімен бөлісіп жүрген.
Орны толмас қазаға орай, редакциямыз атынан марқұмның туған-туыстарына, жақын дос-жаранына, тұтас қазақ еліне қайғыра отырып көңіл айтамыз! Ұлтының ұлағатты перзентін Тәңір алдынан жарылқап, арттағы еліне шапағатын қалдырсын! Билігіне ынсап беріп, халқына қайырын берсін!