Қазақстан Журналистер одағы мен "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Pegasus тыңшылық бағдарламасының ел журналистеріне қарсы қолданылуына тергеу жүргізуді талап етті. Қос ұйымның бірлескен мәлімдемесін 21 шілде күні КазТАГ агенттігі жариялады.
"Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (Organized Crime and Corruption Reporting Project – OCCRP) әлемнің 10-нан астам елінде, соның ішінде Қазақстанда журналистерді, саясаткерлер мен азаматтық белсенділерді тыңдау үшін заманауи тыңшылық бағдарламаны пайдалану туралы ақпаратты жариялады. "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры мен Қазақстан журналистер одағы медиа өкілдерінің қызметі мен жеке өмірін бақылау және олардың телефондарын тыңдау фактілерін жөнсіз деп санайды. Бұл – Қазақстан Конституциясының 18-бабын және азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 17-бабын тікелей бұзу ғана емес, сонымен қатар сөз бостандығын бақылау және шектеу әрекеті" делінген бірлескен мәлімдемеде.
Бұған қоса, Журналистер одағы мен "Әділ сөз" қоры тыңшылық тізіміне енген журналистердің есімдерін атауды талап етті.
"Біз Қазақстан үкіметінен, Парламенттен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен және Бас прокуратурадан осы факті бойынша объективті әрі барынша ашық тергеу жүргізуді, оның нәтижелерін жария етуді, өздерінің конституциялық құқықтарын қорғау үшін құзырлы органдарға жүгінуге мүмкіндік болуы үшін тыңшылыққа ұшыраған журналистер мен белсенділердің есімдерін атауды, дербес деректерді қорғау тәсілін қайта қарауды және оларды жария еткені үшін жазаны қатаңдатуды талап етеміз" делінген мәлімдемеде.
Кеше, 20 шілдеде жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) смартфонына Pegasus бағдарламасы арқылы тыңшылық жасалған Қазақстан азаматтарының кейбірінің есімін жариялады. OCCRР мәліметінше, Қазақстан билігі 2 мыңдай нөмірді аңдыған. Әзірге олардың жетеуі белегілі.
Серікжан Мәулетбай – Informburo.kz жаңалық порталының тілшісі, әлеуметтік желіде блогтары бар;
Бигелді Ғабдуллин – ПЕН-клуб жетекшісі, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы, 2017 жылы бопсалау бабы бойынша сотталған;
Бақытжан Төреғожина – қазақстандық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымын басқарады;
Мартин Вийом – француздың "Аштықпен күрес және даму католик комитеті" гуманитарлық ұйымының қызметкері;
Квентин Гиёме – демократиялық өзгертістерді бастан өткеріп жатқан елдердегі азаматтық қоғамға қолдау көрсететінін Cosmopolitan Project Foundation үкіметтік емес ұйымының негізін қалаушы;
Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан президенті;
Асқар Мамин – Қазақстан премьер-министрі;
Бақытжан Сағынтаев – Алматы қаласының әкімі;
Тізімдегі Квентин Гиеме мен Мартин Вийом Қазақстанда беймәлім адамдар болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал. Өйткені бұл екі адам Әблязовпен байланыста болған.
Pegasus тыңшы бағдарламасы қарапайым хабарлама арқылы "аңдылатын" адамның телефонына кіріп, оның жеке мәліметтерін ұрлайды, қажетіне қарай микрофон мен камераны қосады.