«Талибан» қозғалысы Түркияға қарата ескерту жасады. Тәліптер түрік әскерлері елде қалуын жалғастырса оларға қарсы «басқыншы» ретінде «жиһад» бастайтынын мәлімеді.
АҚШ пен НАТО күштері Ауғанстаннан шегінгеннен кейін Кабул халықаралық әуежайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрік әскерлерінің елде қалуын Құрама Штаттар тарабы өтініш еткен болатын. Ал, өткен аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Кабул әуежайын қорғау және басқару бойынша Уашингтонмен ортақ келісімге келгенін мәлімдеген еді.
«Талибан» тарабы аталған шешімді айыптап, Түркиядан келісімді қайта қарауды өтініш еткен. «Егер біздің елімізде қандай да бір шетелдік күштер болатын болса, оның қандай мақсатта елде болғанына қарамастан біз оны басқыншы ретінде санайымыз», – деген тәліптер Түркияға қаратқан мәлімдемесінде.
Кабулдағы Хамид Карзай атындағы халықаралық әуежайдың қауіпсіздігі мен жұмысы істеп тұруы осы елдегі барлық шетелдік қарым-қатынастар мен дипломатия өкілдерінің, халықаралық ұйымдардың жұмысы үшін аса маңызды. Түркия қорғаныс министрі дүйсенбідегі сөзінде аталған әуежайдың жұмысы тоқтайтын болса, онда шет мемлекеттер Ауғанстандағы дипломаттарын кері қайтарып алудан басқа амалы қалмайтынын айтқан. Сейсенбі күні Кабулдағы жарылыста кем дегенде төрт адам мерт болды. Ал, тұтас ел көлемінде қақтығыстар жоғары шекте тұр.
«Талибан» ұйымы Түркияға қарата ескерту берумен қатар елдегі бақылау аймағын кеңейту мақсатындағы шабуылдарын жалғастырып жатыр. Сарапшылардың басым көпшілігі тәліптердің қазіргі әрекеті олардың тұтас ел көлемінде азаматтық соғыс бастағалы отыр деп санайды. Ауғанстанның үкімет күштері көп жағдайда тәліптердің қауіпінен сақтану үшін кері шегініп жатыр, арасында бүлікшілерге бағынып кетіп жатқандары да бар. Тәліптер болса көптеген провинциялардың орталықтарын қоршауға алып тұр. Арасында тәліптердің бақылауына өткендері де, Ауғанстан үкімет күштері кері қайтарып алып жатқандары да бар. Қалай да Кабул билігі елдегі жағдайды толық бақылауға алуға бар күшін салып жатыр.
Құрама Штаттармен келіссөз кезінде тәліптер бейбітшілікті сақтау, елде террорлық топтардың қимылына жол бермеу бойынша уәде еткен болатын. Иран, Ресей және Катар секілді араб елдерінің ара ағайын болуымен өтіп жатқан келіссөздерде қандай нәтижелер бары белгісіз.