Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов үйден тамақтанбайтынын және өзі басқаратын аймақтың халқы азық-түлікке қанша қаражат жұмсайтынын білмейтінін айтты.
Жұма күні, 18 маусым ОртКом алаңында халық алдында есеп берген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов биыл ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдауға 3,1 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасып жатырмыз дегенімен, өңірде күнделікті қолданылатын қарапайым картоп-сәбіздің бағасы аспандап тұр. Баяндамада бәрі «жақсарып келеді» десе де, іс жүзінде өзгеріссіз. Бір ғана Атырау қаласының өзінде азық-түлік сататын 90 ірілі-үлкен супермаркет пен мың шақты орта-шағын дүкен бар. Ал облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, 36 сауда нүктесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының 14 түрі нарықтан 10-15% төмен бағамен сатылып жатқан көрінеді.
QT: Атыраудағы 36 дүкеннен бөлек жүздеген сауда орны бар. Қарапайым атыраулық отбасы айына орташа есеппен азық-түлікке қанша қаражат жұмсайды?
Атырау облысының әкімі: Кешірім өтінем, осындай сұраққа менің нақты жауабым жоқ әзірге. Дайын емеспін. Қарсылығыңыз болмаса, мен сізге анықтап, жауабымды жеткізейін.
ОКҚ модераторы: Тілші, жалпы бұл сұраққа әкімнің баспасөз хатшысы брифингтен кейін толық жауапты жолдайды, сізбен байланысады.
QT: Сіз де Атырау облысының тұрғынысыз. Сіздің отбасыңыз айлық есеппен азық-түлікке қанша қаржы жұмсайды? Енді бұл белгілі дерек болар?..
Атырау облысының әкімі: Енді... шынын айтқанда, мен Атыраудың тұрғынымын, дұрыс. Бірақ балаларым өсіп, олар қазір елордада, немерелерім де осында. Келіншегім бірде балалармен, кейде менің қасымда болады. Мен көбінде үйден тамақтанбаймын. Сондықтан менің шығыныммен басқа атыраулықтардың шығынын шығаруға болмайды. Жеке шығын отбасылық көлемде мысал бола алмайды.
Редакция тілдескен атыраулық Жайнат Садырқожа жазғытұрым қымбатшылық айтарлықтай байқалғанын, тұрмыстық шығыны үлғайғанын айтады. Жеті адамнан тұратын отбасы азық-түлік пен ет өнімдерін қоса алғанда айына 100-120 мың теңгеге дейін жұмсауға мәжбүр. 18 маусымдағы жағдай бойынша, қаладағы бөлшек саудада картоп 330-370, сәбіз 450-500 және жуа (пияз) 250 теңге шамасында саудаланып жатыр.
«Өңірде 1 млрд 100 млн теңгенің үстінде тауарлық-қаржылық тұрақтандыру қоры қалыптасты. Осының шеңберінде 755 млн теңге мөлшерінде айналым қоры құрылып, өңірдегі «Идеал» ірі сауда желісімен келісім жасалды. Соның арқасында аталған желінің 36 сауда нүктесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 14 түрі нарықтан 10-15%-ға төмен бағада сатылуда», – деді Досмұхамбетов баяндамасынан бас алмай оқып беріп.
Облыс басшысының баяндауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау үшін кәсіпкерлермен, тауар өндірушілермен және ірі сауда орындарымен 200-ден астам келісім жасалды.
661 мың тұрғыны бар өңірде азық-түлік қана емес, тұтыну тауарлары мен коммуналдық қызмет төлемдерінің тарифтері де елеулі деңгейде артқан.