Ұлыбританияда «Үлкен жетілік» елдері басшыларының саммиті басталды. Шара 13 маусымға дейін жалғасады.
G7 құрамындағы АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Франция, Италия, Жапония көшбасшылары пандемия басталғалы алғаш рет офлайн форматта кездесіп отыр. Бұдан бөлек, саммитке Австралия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка және Еуроодақ елдерінің басшылары қонақ ретінде шақырылған.
Жиында індеттен кейін әлем экономикасын қалпына келтіру мен өзге де халықаралық өзекті мәселелер талқыланбақ. Келіссөздің көбі жабық есік форматында өтеді. Шара өтетін Корнуолл графтығында қауіпсіздік күшейтілген. Бірақ осыған қарамастан жергілікті ұйым өкілдері наразылық шарасын өткізді.
Ұлыбританияға келген АҚШ президенті Джо Байден бейсенбіде экономикалық дамуы төмен және орташа 92 ел, сондай-ақ Африка одағы Вашингтоннан Pfizer компаниясы шығарған препараттың 500 миллион дозасын алатынын айтты. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон өз кезегінде келесі жылдың соңына дейін Лондон мұқтаж елдерге вакцинаның 100 миллионнан астам дозасын жібереді деп уәде берді. Кейін тараптар Атлант хартиясына қол қойды.
Саммиттің бірінші күні АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Италия, Франция, Германия, Жапония және Еуропалық одақ көшбасшылары ІІ Елизавета патшайымның қатысуымен салтанатты шараға қатысады. Қабылдау жабық ботаникалық бақта, үлкен геодезиялық күмбездерімен танымал Корнуоллдағы Едемде өтеді.
Халықаралық кеңестен кейін әлемнің, анықтап айтқанда АҚШ пен оның бірқатар одақтастарының Қытайға деген ұстанымдары анық болмақ. Бұған дейін Ақ үй: «Президент Байден біздің ұжымдық бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үшін инвестициялау қажеттілігі туралы және Қытайдан туындайтын экономикалық қиындықтарға жауап беру үшін жаһандық ережелерді жаңартудың маңыздылығын талқылайды», – деген болатын.