Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннанекпе алғаннан кейін» қайтыс болған тұрғының өліміне қатысты түсініктеме берді. Басқарма пікірін жариялаған Tengrinews сайтының хабарлауынша, процедура түгел хаттама негізінде жүргізілген.
Басқарма мәлімдемесіне сәйкес, 42 жастағы Бақытжан Нұртазин вакцинаның алғашқы дозасын 12 сәуірде, екіншісін мамыр айының басында салдырған.
«21 күннен соң ол вакцинаның екінші компонентін алды. Дәрігерлер жағдайының қанағаттандырарлық деңгейде, орташа болғанын айтады. Жарты сағат бақылауда болып, процедурадан кейін Нұртазин үйіне қайтып кетті. Жағдайы үйінде нашарлаған. Жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған», – делінген ведомство хабарламасында.
Осыған дейін марқұмның туыстары қазаға «дәрігерлер салғырттығын» кінәлаған еді.
«Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жүрек-қантамыр жүйесі жетіспеушілігінен қайтыс болған. Себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама басталды. Нәтижесі қосымша хабарланады, нақты диагнозы гистологиялық зерттеуден кейін анықталады» деді дәрігерлер.
Олар Азаттық радиосына берген сұхбатында Бақытжан Нұртазинге вакцина салғаннан кейін дәрігерлердің оны хаттамаға сәйкес, пунктіде жарты сағат бақылауда ұстамағанын айтқан. «Ол үйге келгеннен кейін лоқсып құса берген. Қан қысымы жоғары болған. Жедел жәрдем көлігі де кешігіп жеткен». Нұртазиннің өлімі туралы куәлікте «жүрек талмасынан қайтыс болды» делінген, туыстары мұны терістейді.
Бір ай бұрын 7 сәуірде де Алматыдағы №4 перзентхананың медқызметкері коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін бір күн өткен соң қайтыс болғаны хабарланған еді. Қоғамды елең еткізген жағдайдан кейін дереу тексеру жүргізетін комиссия құрылды. Туыстарының айтуынша, медбике вакцина алдырған күні түнімен қалтырап шыққан, таңға таяу көз жұмған. Десе де комиссия қорытындысынан бұрын денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният марқұм екпе алғаннан кейін «екі күн өткен соң, үйінде құлап, қайтыс болды, алдын ала мәлімет бойынша жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болды» деген. Әзірге бұл жағдайға байланысты сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
Министрлік мәліметінше, 1 ақпан мен 5 мамыр аралығында екпенің бірінші дозасын алған 1 млн 487 адамның шамамен 300-дейі ауырған.