Жапонияның билеуші Либералды-демократиялық партиясы және оппозицияның жетекші партиялары жалпыхалықтық референдум туралы заңды бекіту туралы келісімге келді. Бұл – ел конституциясын қайта қарау жолындағы маңызды қадам. Себебі заңдағы негізгі 9-бап өзгертіліп, соғыс мақсатында қарулы күш қолдануға рұқсат берілуі мүмкін. Төменгі палатаның салалық комитетінде қабылданған құжат 11 мамырда жалпы отырыста мақұлдануы тиіс.

Заңдағы 9-бап мәтіні: Әділдік пен тәртіпке негізделген халықаралық бейбітшілікке ұмтылған жапон халқы ұлттың егемендік құқығы үшін соғыстан мәңгілікке бас тартады. Сондай-ақ халықаралық дауларды шешуде қауіп-қатердің алдын алу мақсатында армия ұстауға тыйым салынады.

Осыған дейін Жапония тарабы Қытайдың Шығыс Қытай теңізі аймағындағы әскери қадамдарының кеңеюінен алаңдап, қорғаныс қуатын арттыруға тырысып келген. Қытаймен арадағы территориялық жанжалдар Жапонияның теңіз қорғаныс қуатын арттыруға итермелеп отыр.

Жапонияда осы уақытқа дейін жалпыхалықтық референдум өткізудің бекітілген ережелері болған жоқ. Ал оны ұйымдастыру конституцияға түзетулерді бекіту үшін қажет. Тиісті заң жобасы Парламентке 2018 жылдың маусым айында енгізілді. Бірақ оны талқылау кезінде келісімге келу қиынға соққан.

Оппозиция әлі де Парламентте конституцияға түзетулер бойынша жиын өткізуге қарсы. Ал билеуші партия негізгі заңға өзгерістер енгізу керек деп санайды. Жапон билеуші партиясы ел аумағына Қарулы Күштер орналастыруды заңдастырмақ. Қазіргі конституцияның 9-бабында құрлық, теңіз және әуе күштерін құруға тыйым салып, ұлттың егемендік үшін соғыстан бас тарту айтылады. 1947 жылы күшіне енген және соғыстан кейінгі демократияландыруға негіз болған заңға басқа да өзгерістер енгізу қарастырылмақ.

Жалпыхалықтық сауалнамаға сәйкес, Жапониядағы сайлаушылар конституцияны қайта қарауға қарсылық білдірмеген. Бірақ олардың басым бөлігі 9-бапты өзгертпеу керек деп санайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елде референдум өткізілгеннен кейін ғана заңға өзгерістер енгізіледі.

2018 жылы Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Синдзо Абэ бейбітшілік Конституциясын қайта қарап, өзін қорғау күштерінің мәртебесін көрсететін 9-ші бапта армия мәртебесінің анық көрсетілуі керек екенін айтқан. Ел консерваторлары Америка дайындаған Бейбітшілік Конституциясын Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілісі ретінде қарайды. Сол себепті ел үкіметі өзін-өзі қорғау күштерін Жапония армиясы мәртебесімен конституцияға енгізуге тырысты. Себебі, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияға армия ұстауға шектеу қойылған. Тек өзін өзі қорғау күштері деп аталған қорғаныс күштері құралған.

1890-1947 жылдар аралығында Жапонияда Мэйдзи конституциясы болды. 1868 жылы Мэйдзи жаңғыртуынан кейін Жапония басшылығы елді дербес, батыс құндылықтары бар заманауи халық әрі жеке билігі сақталған мемлекет ретінде көрсететін конституция жасауға ұмтылды. Соңғы құжатта сайланатын төменгі палатадан және император тағайындайтын премьер-министрі бар министрлер кабинетінен тұратын екі палаталы парламент (Дайет) құру көзделген. Император әскер мен флоттың бас қолбасшысы болды.

Конституция қабылданғанға дейін құрылған, Мэйдзи лидерлерінен жасақталған жасырын кеңес императорға ақыл-кеңес беріп, нақты билікті орындап отырды. Шектеулі сайлау құқығы сайлаушылар тобындағы ер адамдарды 50%-ға дейінгі төмендетті, 25 жыл ішінде бұл біртіндеп жеңілдеді де, сайлау құқығы барлық ер адамдарға берілді. 1920 жылдары саяси партиялардың құқықтары шектеулі болды, бірақ 1930 жылдары әскери адамдар конституцияны бұзбай, басшылық етті.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Мэйдзи конституциясының орнына АҚШ-та мақұлданған конституциясы қабылданды, онда «егеменді билік халыққа тиесілі» деп жазылған. 1947 жылы қабылданған конституцияның 9-бабы Жапонияда соғыс болдырмауды көздейді. Ал қазіргі үкімет бұл бапқа өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.

"The Qazaq Times"