Жапония парламентінің жоғарғы палатасының депутаттары жалпыхалықтық референдум туралы заң жобасын қабылдады. Бұл – елдің соғыстан кейінгі Конституциясын қайта қарау жолындағы маңызды қадам. Жапонияның билеуші Либералды-демократиялық партиясы және оппозиция өкілдері талқылаған құжат төменгі палатада бекітіліп, заңдық күшке ие болды. Демек, заңдағы негізгі 9-бап өзгертіліп, соғыс мақсатында қарулы күш қолдануға рұқсат берілуі мүмкін.

Жапонияда осы уақытқа дейін Конституцияға түзетулер енгізу үшін ұйымдастырылуы қажет жалпыхалықтық референдум өткізудің нақты ережелері болған жоқ. Тиісті заң жобасы Парламентке 2018 жылы маусымда жолданды. Бірақ заңдағы 9-бапты өзгертуге қарсы тараптар көп болды.

Жапон билеуші партиясы ел аумағына Қарулы Күштер орналастыруды заңдастырмақ. Қазіргі конституцияның 9-бабында құрлық, теңіз және әуе күштерін құруға тыйым салып, ұлттың егемендік үшін соғыстан бас тарту айтылады. 1947 жылы күшіне енген және соғыстан кейінгі демократияландыруға негіз болған заңға басқа да өзгерістер енгізу қарастырылмақ.

Жалпыхалықтық сауалнамаға сәйкес, Жапониядағы сайлаушылар конституцияны қайта қарауға қарсылық білдірмеген. Бірақ олардың басым бөлігі 9-бапты өзгертуге қарсы. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елде референдум өткізілгеннен кейін ғана заңға өзгерістер енгізіледі.

2018 жылы Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Синдзо Абэ бейбітшілік Конституциясын қайта қарап, өзін қорғау күштерінің мәртебесін көрсететін 9-ші бапта армия мәртебесінің анық көрсетілуі керек екенін айтқан. Ел консерваторлары Америка дайындаған Бейбітшілік Конституциясын Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілісі ретінде қарайды. Сол себепті ел үкіметі өзін-өзі қорғау күштерін Жапония армиясы мәртебесімен конституцияға енгізуге тырысты. Себебі, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияға армия ұстауға шектеу қойылған. Тек өзін өзі қорғау күштері деп аталған қорғаныс күштері құралған.

Осыған дейін Жапония тарабы Қытайдың Шығыс Қытай теңізі аймағындағы әскери қадамдарының кеңеюінен алаңдап, қорғаныс қуатын арттыруға тырысып келген. Қытаймен арадағы территориялық жанжалдар Жапонияның теңіз қорғаныс қуатын арттыруға итермелеп отыр.

Заңдағы 9-бап мәтіні: Әділдік пен тәртіпке негізделген халықаралық бейбітшілікке ұмтылған жапон халқы ұлттың егемендік құқығы үшін соғыстан мәңгілікке бас тартады. Сондай-ақ халықаралық дауларды шешуде қауіп-қатердің алдын алу мақсатында армия ұстауға тыйым салынады.

"The Qazaq Times"