Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19-20 мамырда Тәжікстанға ресми сапармен барып, Эмомали Рахмонмен келіссөздер жүргізеді. Бұл туралы презденттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
Сапар барысында екі мемлекет басшыларының шағын және кеңейтілген форматтағы кездесулері жоспарланған. Келіссөздердің күн тәртібінде саяси диалогты одан әрі нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды арттыру және Қазақстан-Тәжікстан стратегиялық әріптестігін дамыту мәселелері басты назарда болмақ. Сонымен қатар өңірлік кооперацияны жандандыруға, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету талқыланады, дейді Берік Уәли.
2019 жылы маусымда Тоқаев Тәжікстанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммитінде Рахмонмен кездескен. Өз кезегінде Тәжікстан президенті Қазақстанға 2018 жылы наурызда іссапармен келген.
Көршілес Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс Орта Азия елдерін бей-жай қалдырған жоқ. Өткен аптада екі ел шекарасында тұрғындар, әскери қызметкерлер арасында болған қақтығыстан жиырма шақты адам қаза болып, жүзден астам адам жарақаттанған. Қырғызстандағы Баткен облысындағы қақтығыс аумағынан 30 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. 29 сәуірде шекарадағы жағдай ушығып, екі елдің әскери қызметкерлері арасында атыс болған. Сол күні кешке тараптар атысты тоқтатуға келіскенмен, атыс жекелеген жерлерде 1 мамырға дейін жалғасты. Бішкекте тәжік әскерилері ққатығыс кезінде пулемет, миномет және Ми-24 әскери тікұшақтарын қолданған. Ресми мәліметтер бойынша, Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыс салдарынан Қырғызстанның 36 тұрғыны қаза тауып, 150-ге жуық адам зардап шеккен. Қақтығыс кезінде республикада жүзден астам ғимарат, оның ішінде екі мектеп, үш шекара заставасы, балабақша, өрт сөндіру бөлімі, милиция бөлімшесінің ғимараты, сондай-ақ жүзден астам бір қабатты тұрғын үй өртенген.
Бұд мәселеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел шекарасындағы жағдайды реттеуге қол ұшын беруге дайын екенін мәлімдеді. Ол мәлімдемесінде: «Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», – деді. Шекарадағы қарулы қақтығысты «қатты алаңдаушылықпен» қабылдағанын жеткізген Тоқаев екі елдің атысты тоқтатып, келіссөз бастау ниетін құптады.